«Чори Аваз: Сөзі мәңгілік ақын»
20.05.2025 20:21:44 231
Шырайлы Шығыста А.С. Пушкин кітапханасы ұлт арасындағы мәдени байланысты, рухани үндестікті нығайтуға бағытталған тағы бір тағылымды шараны табысты ұйымдастырды.
«Çorï Avaz: Sözi mäñgilik aqın» атты әдеби кеш өзбек поэзиясының көрнекті өкілі, рухы мен сөзі мәңгілік ақын — Чори Аваз шығармашылығына арналды.
15 мамыр күні кітапханада өзбек поэзиясының көрнекті өкілі, сөзі мәңгілікке айналған ақын — Чори Аваздың шығармашылығына арналған әдеби-танымдық кеш өтті. Кешке арнайы Өзбекстаннан келген ақынның жары, қаламгер Зебо Омонова ханым қатысты. Ақынның жарымен бірге, сонау Өзбекстаннан келген Келдиёр Хужайеров («Fаvvora» киностудиясының жетекшісі, ақын жайлы деректі фильм авторы), Сирожиддин Рауф («Шығыс жұлдызы» журналының бас редакторы), Гүли Нигор Авазова (Зульфия атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақынның қызы), немересі Мехри Нигор құрметті қонақ ретінде кітапхана төрінен орын алды.
Кеш барысында Гүли Нигор Авазова әкесі туралы тебірене естелік айтып, жүрекжарды жырын оқыса, Мехри Нигор атасының өлеңінен үзінді оқып, көрерменді толқытты. Ақын жайлы жылы естеліктерімен бөліскен Келдиёр Хужайеров пен Сироджиддин Рауф мырза ақынның шығармашылығына арналған бірнеше өлеңін оқып берді. Сонымен қатар, кітапхана қызметкерлері Чори Аваз өлеңдерінің қазақша аудармасын мәнерлеп оқыды.
Зебо Омонова ханым Чори Аваздың өмірі мен шығармашылығы, отбасындағы бейнесі, оқырманмен байланысын сақтау жолындағы еңбектері туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті.
Шара соңында ақын, драматург, Өскемен қалалық мәслихат депутаты Әскерхан Ақтай сөз сөйлеп, Чори ақынның өлеңін қазақшаға тәржімалап оқып берді. Кітапхана ұжымы алыстан келген қонақтарға шапан жауып, сый-сияпат ұсынды. Кеш қонақтары да өздерімен алып келген кітаптарын кітапхана қорына табыстады.
Бұл кеш – ұлт пен ұлтты табыстырған, жүректерді жырмен жалғаған әдеби кездесуге айналды. Шарадан кейін қатысушылар естелік суретке түсіп, ақын рухына тағзым етті. Сөз – ұмытылмас, жыр – өшпес. Ақын Чори Аваздың мәңгілік сөзі халық жүрегінде өмір сүруін жалғастыра бермек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-cultura-arhiv/press/news/details/996959?lang=kk