Мемлекеттік кірістер комитеті барлық түрдегі ақшалай есеп айырысулар кезінде бақылау-кассалық машиналарды (БКМ) қолдану қажеттілігі туралы ескертеді

Мемлекеттік кірістер комитеті барлық түрдегі ақшалай есеп айырысулар кезінде бақылау-кассалық машиналарды (БКМ) қолдану қажеттілігі туралы ескертеді

29.05.2025 16:52:10 264

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлік субъектілерінің барлық түрдегі ақшалай есеп айырысулар кезінде, оның ішінде қолма-қол ақшамен, банк карталарымен, сондай-ақ QR-кодтар арқылы мобильді төлемдер кезінде бақылау-кассалық машиналарды (БКМ) міндетті түрде қолдану қажеттілігіне назар аударады.

Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес, ел аумағындағы барлық ақшалай есеп айырысулар Мемлекеттік тізілімге енгізілген үлгідегі БКМ қолдану арқылы жүргізілуі тиіс. Ақшалай есеп айырысуларға қолма-қол төлемдер, төлем карталары арқылы (POS-терминалдар арқылы), сондай-ақ мобильді төлемдер, оның ішінде QR-төлемдер жатады. Бұл талаптан кейбір салық төлеуші санаттары, мысалы, жеке тұлғалар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, медиаторлар және банктер Салық кодексіне сәйкес босатылады.

Алайда соңғы уақытта кәсіпкерлердің тауарлар мен қызметтер үшін банк карталарымен немесе мобильді қосымшалар арқылы төлеу кезінде тұтынушыларға тек POS-терминал чектерін беріп, БКМ қолданбайтын жағдайлары жиілеп кетті. Мұндай әрекеттер салық заңнамасын бұзу болып табылады және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.

Айта кету керек, нарықта БКМ мен POS-терминалдардың функцияларын біріктіретін шешімдер бар. Мысалы, Kaspi Pay POS-терминалдарын Kaspi Kassa БКМ-мен біріктіруге болады, бұл кәсіпкерлерге төлем қабылдау мен операцияларды фискализациялау функцияларын бір уақытта орындауға мүмкіндік береді және заңнама талаптарына сай болуды қамтамасыз етеді.

Тіркелген БКМ бар-жоғын тексеру және Мемлекеттік тізілімге енгізілген үлгілер туралы ақпарат алу үшін кәсіпкерлер келесі ресурстарды пайдалана алады:

БКМ тізімі, банк POS-терминалдарымен біріктірілген үлгілерді қоса алғанда, Комитеттің ресми сайтында орналастырылған:

https://kgd.gov.kz/sites/default/files/gosuslugi/gosreestr_kkm_ru_0-2.docx

БКМ тіркеуін тексеру сервисімен мына сілтеме арқылы танысуға болады:

https://portal.kgd.gov.kz/ru/pages/info-services/proverka-registracii-kkm

Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлерді салық заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға және тек Мемлекеттік тізілімге енгізілген БКМ-ді қолдануға шақырады. Бұл бизнесті заңды жүргізуді ғана емес, сондай-ақ қаржылық операциялардың ашықтығын арттырып, тұтынушылар тарапынан сенімді нығайтуға ықпал етеді.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-zhetysu/press/news/details/1007335?lang=kk