Көлік және логистика — Қостанай облысының экономикалық дамуының қозғалтқышы

Көлік және логистика — Қостанай облысының экономикалық дамуының қозғалтқышы

02.06.2025 17:01:39 418

«Авиация және көлік логистикасын дамыту — елдің аумақтық байланыстылығын қамтамасыз ету мен тең мүмкіндіктерге қол жеткізудің негізі», — деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдағы сөзінде.

Бүгін Қостанайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды талқылау аясында транзиттік-логистикалық сала мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Басқару, бизнес және қоғам өкілдері өңірдің көлік инфрақұрылымының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын жан-жақты талқылады.

Облыс автомобиль жолдарының ұзындығы бойынша елде бірінші орын алады. 2025 жылы автожол желісін дамытуға 104,7 млрд теңге бөлініп, бұл өткен жылға қарағанда 42%-ға көп. Жоспарға 1 200 км жол және 103 елді мекендегі 382 көшені жөндеу кіреді. Арнайы назар ауылдық елді мекендерге апаратын жолдарға аударылып отыр: үш жыл бұрын 20 учаске жөнделсе, биыл — 80.

«Екінші жыл қатарынан Қостанай облысына облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге еліміздің барлық өңірлері арасында ең көп қаржы бөлініп отыр», — деді жолаушылар тасымалы мен автомобиль жолдары басқармасының басшысы Алмас Есенжолов.

Республикалық маңызы бар жолдардың — Сарыкөл – Солтүстік Қазақстан облысының шекарасы, Ұзынкөл – Троебратное, Бестөбе – Ақтөбе облысының шекарасы, Арқалық – Ұлытау облысының шекарасы сынды учаскелердің жөнделуі белсенді жүргізілуде. Соңғы учаскенің жөнделуін аяқтағаннан кейін күнделікті көлік ағыны 150-ден 2 500 машинаға дейін артады деп күтілуде.

Астанадан Арқалық, Торғай, Ырғыз арқылы Транскаспий бағытындағы жаңа тасжол жобасының маңызы зор. Бұл жол елдің орталық және батыс өңірлері арасындағы қашықтықты 560 км қысқартып, Қазақстанның халықаралық логистикадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Осы жобалардың әсері айқын. Біріншіден — жүктер мен жолаушылардың жылдам әрі ыңғайлы тасымалдануына қолайлы жағдай жасау. Бұл өз кезегінде жол бойындағы барлық өңірлерде экономикалық белсенділікті арттырып, бизнестің дамуына, сауда мен қызмет көрсету саласының өсуіне септігін тигізеді.

Сонымен қатар, магистралдың Транскаспий халықаралық тасымалдау бағытына шығуы Қазақстанның халықаралық логистикалық тізбектердегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл жаһандық экономикалық ахуалдың өзгеруі жағдайында сауда қатынастары мен бағыттарға тез бейімделу үшін өте маңызды.

Бизнес өкілдері жол бойындағы сервис пен мультимодальды логистиканың дамуын ерекше атап өтті.

«Облысымыз жалпы транзиттік ағынның орталығына айналады. Географиялық орналасуы Қостанайды Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы негізгі транзиттік түйіндердің біріне айналдырады. Осы жобалар костанайлық өндірушілердің өнімдерінің, әсіресе агроөнеркәсіп, машина жасау және қайта өңдеу саласындағы өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етіп отыр», — деді кәсіпкер Валерий Сусаренко.

Кәсіпкерлер халықаралық тасымалдау саласындағы оң өзгерістерді де атап өтті. Рұқсатнамалар алу процедурасын жеңілдету рәсімдерді аптамен емес, бір күнде аяқтауға мүмкіндік беріп, бұл әсіресе АӨК пен машина жасау кәсіпорындарының сыртқы нарықтарға шығуын айтарлықтай жеңілдетті. Тасымалдау құнының 30%-ға төмендеуі костанайлық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттырды.

Логистикалық процестерді цифрландыру жалғасуда — Рұқсаттар ақпараттық базасы (РАБ) аясында интеграциялық шешімдер енгізіліп, транзитті жеделдетіп, операциялардың ашықтығын арттырады деп күтілуде.

Дөңгелек үстел қатысушылары транспорт саласын тұрақты дамытудың негізгі факторы — мемлекет пен бизнестің ынтымақтастығы екеніне бірдей келісті.

«Мемлекет басшысының Астана, Арқалық, Торғай, Ырғызды жалғайтын жаңа автомобиль магистралын салу туралы тапсырмасы — еліміздің логистикасын дамытуда маңызды қадам болады. Машина жасау, қара металлургия және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салалары қатарында бұл сала Қостанай өңірінің экономикасын дамытуда төртінші — стратегиялық маңызы бар бағытқа айналады», — дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1009878?lang=kk