Қазақстан мен Корея тарихи жадыны сақтау және жастар алмасуы саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге уағдаласты
02.06.2025 17:01:43 550
Сеул, 2025 жылғы 31 мамыр – Сеул қаласында Қазақстан Елшісі Нұрғали Арыстанов пен Корея Республикасының Патриоттар және ардагерлер істері жөніндегі министрі Кан Чжон Э арасында кездесу өтіп, сұхбаттасушылар гуманитарлық диалогтың, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудің және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу Корея Республикасының Патриоттар және ардагерлер істері жөніндегі министрлігі ұйымдастырған делегацияны Қазақстанға және бірқатар Еуропа елдеріне (Франция, Бельгия және Нидерланды) тарихи этникалық корейлерге қатысты тарихи орындарға баруға шығарып салу рәсімі аясында өтті. Делегация құрамына тәуелсіздік күрескерлерінің ұрпақтары мен жас көшбасшылар кіретін 30-дан астам қатысушы енді.
Іс-шарада сөйлеген сөзінде қазақ дипломаты Қазақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынастардың жоғары қарқынын атап өтіп, екі елді ортақ мәдени құндылықтарға, өзара құрмет пен тарихи байланыстарға негізделген кеңейтілген стратегиялық серіктестік біріктіретінін жеткізді. Сондай-ақ, ол этникалық корейлердің Қазақстанның дамуына қосқан елеулі үлесіне назар аударды.
Елші тарихи жадыны сақтау саласындағы сындарлы ынтымақтастықты ерекше баса айтты. Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы шешіміне сәйкес генерал Хон Бом Доның сүйегі Корея Республикасына құрметпен қайтарылғанын еске салды.
Өз кезегінде, Министр Кан Чжон Э бұл жастар сапарының ерекше маңызын атап өтіп, қатысушыларды ата-бабалар ерлігін терең түсінуге шақырды.
Жалпы, корей делегациясының алдағы сапары Қазақстан мен Корея халықтарының арасын одан әрі жақындастыруға және жастар алмасуын дамытуға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-seoul/press/news/details/1009846?lang=kk