Қостанайда Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті
08.06.2025 17:14:01 341
4 маусым күні Қостанай облысы әкімдігі ғимаратының алдындағы алаңда Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараға облыстық басқарма өкілдері, жастар, әскери қызметшілер, белсенді азаматтар, оқушылар мен студенттер қатысты. Салтанатты шара Мемлекеттік Тудың көтеріліп, Әнұранның шырқалуымен басталды.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтап, мемлекеттік рәміздердің елдік пен бірлікті нығайтудағы маңызын атап өтті.
«Мемлекеттік рәміздер – бұл тек Тәуелсіздіктің белгілері ғана емес. Бұл – халқымыздың рухын көтеретін, барша қазақстандықты біріктіретін қасиетті құндылықтар. Әнұран, Ту мен Елтаңба арқылы әлем Қазақстанның бейбітшіл, қуатты әрі ашық мемлекет екенін таниды», – деді өңір басшысы.
Өз сөзінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай облысының ел дамуына қосып отырған үлесіне де тоқталды. Биыл өңірде ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылуда, тұрғын үй және инфрақұрылым құрылысы белсенді жүргізілуде, экономиканың негізгі салаларында өсім байқалады.
Салтанатты жиында патриоттық бастамалар мен ағартушылық жобаларға белсене қатысқан үздік оқушылар, студенттер мен әскери қызметшілер алғыс хаттармен марапатталды. Шара барысында шығармашылық ұжымдар Отанға арналған әндерді орындап, жастар флешмоб ұйымдастырды.
Мерекелік шара еліміздің Мемлекеттік Әнұранының тағы бір мәрте орындалуымен және Мемлекеттік Туға құрмет көрсетумен қорытындыланды. Қатысушылар Қазақстанның Тәуелсіздігін, бірлігі мен болашағын көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан ұрпаққа аманат етуге дайын екендерін білдірді.
Мемлекеттік рәміздер күні – әрбір азаматқа туған еліне деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті еске салатын тағылымды мейрам.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1011863?lang=kk