Будапештте мажар орталықтарымен ғылыми-зерттеу байланыстары талқыланды
25.06.2025 15:03:25 4103
Будапешт, 2025 жылғы 18 маусым - Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, профессор Дүкен Мәсімханұлы бастаған қазақ делегациясының Мажарстанға сапары өтті.
Делегация құрамында Алтын Орда дәуіріндегі Шығыс Дешті Қыпшақтың батыс әлемімен қарым-қатынастарын зерттеуші Болатбек Батырхан (PhD) және Еуропа және шығыс тілдеріндегі дереккөздер мен ғылыми әдебиеттерді зерттеудің маманы, Алтын Орда тарихына қатысты статистикалық деректер мен архивтер мәлімттерін сараптаушы Нұртас Әбдімомынов (PhD) болды.
Сапардың алғашқы күні, ғылыми қызметкерлер Түркі мемлекеттері ұйымының Будапешттегі кеңсесі ұйымдастырған түркі халықтарына ортақ аңыз саналатын «Алтын мүйізді киік» ескерткішінің ашылуына қатысып, мажарлық түркітанушылармен, мысалы Иштван Вашари профессормен сұхбаттасуға мүмкіндік алды.
Елшіліктің үйлестіруімен Мажарстан зерттеу институтында (https://mki.gov.hu/en/) өткен кездесуде тараптар екі жақты ынтымақтастықты, зерттеу саласындағы ғылыми әріптестікті дамыту, ортақ ғылыми жобалар әзірлеу, бірлесе жас ғалымдар даярлау, оларды тағылымдамадан өткізу мен алдағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Ал, елдің ең негізгі мұрағаттық қоры саналатын Сечени ұлттық кітапханасында (https://oszk.hu/) өткен келіссөздерде, сұхбаттасушылар Кітапханадағы тарихи, құнды деректер, қолжазбалар мен құжаттарды зерттеуде екі жақты әріптестікті дамыту жолдарын талқылап, ғылыми зерттеу саласындағы әріптестікті дамыту мен алдағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін саралады.
Жоғарыдағы өткен келіссөздер нәтижесінде Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен аталған мекемелер арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1020772?lang=kk