Астанада сутектік энергетиканы дамытуға арналған акселерациялық сессия өтті

Астанада сутектік энергетиканы дамытуға арналған акселерациялық сессия өтті

25.06.2025 15:44:07 3850

Астана, 2025 жылғы 20 маусым — Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті және «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Астанада сутектік энергетика саласындағы инвестициялық ахуалды жақсарту мен кедергілерді жоюға бағытталған акселерациялық іс-шара өткізді. Шараның мақсаты – инвестициялық жобаларды іске асыруға кедергі келтіретін жүйелі проблемаларды анықтап, нақты ұсынымдар әзірлеу болды.

Акселерациялық сессияға ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ільяс, Мәжіліс депутаттары, салалық қауымдастықтар мен жетекші компаниялардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында Hyrasia One, BEES Energy (Seraphim Energy Group), Alatau Green Energy, Air Liquide, Linde Gas, Alstom, Green Spark Limited, Wabtec және басқалары қатысты.

Қатысушылар сутектік энергетиканы дамытудың өзекті мәселелерін атап өтіп, бірлескен шешімдерді әзірлеуге қызығушылық білдірді. Мәжіліс депутаттары бұл саланы төмен көміртекті экономикаға көшу жөніндегі ұлттық күн тәртібінің маңызды бағыты ретінде атап, қажет заңнамалық және реттеуші базаны қалыптастыруға қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.

Hyrasia One компаниясы Маңғыстау облысында қуаттылығы жылына 2 миллион тоннаға дейінгі жасыл сутек шығаратын ірі өңірлік кешен салу жобасын таныстырды. Жоба еуропалық нарыққа экспортты көздейді. Одан кейін Seraphim Energy Group Жамбыл облысында қуаттылығы жылына 40 мың тоннаға дейінгі сутек өндіретін кешен мен 1 ГВт күн электр станциясын салу жоспарын ұсынды. Бұл өнім де экспортқа бағытталмақ.

Акселерация аясында мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері қатысқан жұмыс топтары құрылды. Олар технологиялық шешімдер мен инфрақұрылымдық дайындықтан бастап, мемлекеттік қолдау шараларына дейінгі практикалық мәселелерді талқылады. Инвесторлар кездесетін нақты шектеулерге ерекше назар аударылды. Талқылау қорытындысы бойынша бейінді ведомстволар мен Инвестициялық штаб деңгейінде жалғасатын жұмыс үшін ұсыныстар әзірленді.

«KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы Қазақстандағы сутектік энергетика саласына стратегиялық серіктестерді тарту және инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау бағытында белсенді жұмысын жалғастырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/invest/press/news/details/1021444?lang=kk