Қазақстан Ғарыш кеңістігін бейбіт және тұрақты пайдалану жөніндегі міндеттемесін растады
30.06.2025 15:41:58 121Вена, 2025 жылғы 27 маусым – ҚР ЦДИАӨМ Аэроғарыш комитетінің Ионосфера институты мен Қазақстанның Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігінен құралған Қазақстан делегациясы БҰҰ Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі комитетінің (КОПУОС) 68-сессиясына қатысуда.
Қазақстан делегациясы өз ұлттық баяндамаларында БҰҰ-ның «Ғарыш – 2030» бағдарламасына қолдау білдіріп, ғарыш кеңістігін бейбіт және тұрақты пайдалану жөніндегі ұстанымын тағы да растады. Делегация КОПУОС мүшелеріне Қазақстанның ғарыштық технологияларды ұлттық экономика, экологиялық мониторинг және табиғи ресурстарды басқару салаларында интеграциялау бойынша елеулі тәжірибесі туралы хабардар етті.
Сонымен қатар, Қазақстан БҰҰ Ғарыш кеңістігін пайдалану жөніндегі басқармасымен әртүрлі бастамалар арқылы, соның ішінде «UN-SPIDER» бағдарламасы аясында ынтымақтастығын нығайтуды жалғастыруда. Бұл бағдарлама дамушы елдерге ғарыштық технологиялар арқылы апаттарды басқару және олардың салдарын азайтуға қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
2025 жылғы ақпанда өткен КОПУОС-тың Ғылыми және техникалық кіші комитетінің 62-ші сессиясы аясында Қазақстан Алматыда БҰҰ аясындағы Ғарыштық жағдайды бақылау орталығын құру туралы бастаманы ұсынды. Бұл бастама ҒТКК КОПУОС сессиясының қорытынды құжатына енгізілді және қазіргі уақытта оның жүзеге асырылуы бойынша белсенді талқылаулар жүргізілуде.
КОПУОС-тың жыл сайынғы сессиясы 2025 жылғы 2 шілдеге дейін жалғасады. Сессия барысында ғарыш кеңістігін тұрақты және жауапкершілікпен пайдалану, ғарыштық қоқыстардың пайда болуын болдырмау және оларды белсенді түрде азайту механизмдерін дамыту, сондай-ақ Ай мен басқа аспан денелерін игеру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту бойынша стратегиялық маңызды шешімдер қабылданады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vienna/press/news/details/1026772?lang=kk