Қазақстан Елшісі PRIME сараптамалық орталығымен Қазақстан мен Пәкістанның көлік әлеуеті жөнінде пікір алмасты

Қазақстан Елшісі PRIME сараптамалық орталығымен Қазақстан мен Пәкістанның көлік әлеуеті жөнінде пікір алмасты

04.07.2025 18:23:43 176

Исламабад, 2025 жылғы 4 шілде – Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин Пәкістандық PRIME (Policy Research Institute of Market Economy) сараптамалық орталығының директоры Али Салман мырзамен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Пәкістанның жетекші сараптамалық орталықтары арасындағы ынтымақтастықты жолға қою мәселелерін, соның ішінде екі елдің көлік-логистикалық әлеуетіне арналған бірлескен зерттеу баяндамаларын дайындау мүмкіндіктерін талқылады.

Елші Е.Қыстафин Қазақстанның көлік әлеуетін дамытуға бағытталған күш-жігерін жандандыруға баса назар аударып отырғанын айтып, теміржол бағыттарын, автокөлік дәліздерін, әуе жүк тасымалдарын және мультимодальды логистикалық тізбектерді қамтитын көпдеңгейлі, кешенді тәсілге қызығушылық білдірді.

Елші Қазақстан мен Пәкістанның өңірдегі негізгі транзиттік хабтарға айналу әлеуеті бар екенін атап өтіп, бұл ретте көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігі мен өзара байланыстылығы ерекше маңызға ие екенін айтты.

Кездесу барысында Елші 2025 жылғы 28 сәуірде Карачи қаласында өткен бизнес-форум туралы да ақпарат беріп, оның аясында екі елдің жетекші компаниялары арасында бірқатар келісімшарттар мен меморандумдарға қол қойылғанын жеткізді.

Тараптар екі елдің көлік-логистикалық компанияларын ынтымақтастыққа тарту және ортақ стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-islamabad/press/news/details/1030206?lang=kk