Ұландықтар Есіл өзенінде ерекше концерт қойды

Ұландықтар Есіл өзенінде ерекше концерт қойды

06.07.2025 09:53:54 275

Астанада ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери музыканттары су бетінде ерекше музыкалық қойылым өткізді. Бұл тың форматтағы концерт Елорда күніне орай ұйымдастырылған «Әскери керней» XI әскери-музыкалық фестивалінің аясында өтті.

Есіл өзенімен жүріп өткен су көлігінің бортында Ұлттық ұланның Үлгілі-көрсетімді оркестрі танымал патриоттық марштарды, заманауи шығармаларды және халық әндерін орындады. Жағалауда серуендеп жүрген қала тұрғындары мен қонақтары қозғалмалы сахнадан орындалған музыканы зор ықыласпен қабылдап, қошемет көрсетті.

- Мұндай формат - тек көрермендер үшін ғана емес, біздің музыканттар үшін де жаңа тәжірибе. Біз елорда тұрғындарына ерекше көңіл-күй мен жарқын әсер сыйлағымыз келді. Бұл сәт олардың есінде ұзақ сақталады деп сенемін, - деді оркестрдің дирижері Төрехан Жаудинов.

Өзен үстіндегі қойылым фестивальдің басты ерекшелігіне айналып, әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Желі қолданушылары іс-шараның креативтілігін атап өтіп, бейнежазбалар мен фотолармен бөлісті.

Айта кетейік, жыл сайын ұйымдастырылатын «Әскери керней» фестивалі әскери-музыкалық өнерді дамытуға, күштік құрылымдар мен қоғам арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, сондай-ақ жастардың патриоттық тәрбиесін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар «Ғашықтар», «Жерұйық» және «Жетісу» саябақтарында Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі, Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының орталық ансамблі мен әскери оркестрі, Қорғаныс министрлігінің орталық ансамблі және ҰҚК Шекара қызметінің орталық ансамблі өнер көрсетті.

Мерекелік шара 6 шілдеде де жалғасады. Фестивальдің басты оқиғасы - «Қазақ елі» алаңында өтетін Гала-концерт болмақ. Салтанатты кеш 16:30-да басталады.

Концерт барысында әскери музыканттар қазақ және әлем эстрадасынан попурри, сондай-ақ әскери әндерді орындайды. Шара барысында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Құрмет қарауыл ротасының саптық дефилесі де көрсетіледі.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1030454?lang=kk