Қазақстанның көрнекі бейнесі Нидерландтың басты әуежайында

Қазақстанның көрнекі бейнесі Нидерландтың басты әуежайында

09.07.2025 08:02:55 198

2025 жылғы 7 шілде, Амстердам. Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Елшілігінің бастамасымен Астана - елорда күніне орай Схипхол әуежайында «Kazakhstan: Born Bold» мемлекеттік тұжырымдамасы аясында дайындалған көрнекі хабарлама орналастырылды.

Схипхол - Еуропадағы ең ірі әуежайлардың бірі әрі күн сайын 195 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсететін маңызды көлік торабы. Бұл алаңды таңдау - Қазақстанның заманауи келбетін туристер мен кәсіпкерлерден бастап, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпус өкілдеріне дейінгі кең халықаралық аудиторияға тиімді таныстыруға мүмкіндік береді.

Born Bold тұжырымдамасы алғаш рет 2024 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Көшпенділердің дүниежүзілік ойындарының ашылу салтанатында таныстырылды. Өз сөзінде Мемлекет басшысы табандылық, төзімділік пен даму ұмтылысы - халқымыздың ұлттық болмысының ажырамас бөлігі екенін атап өтті. «Тумысынан қайсар» деген ұғым еліміздің шетелдегі ашық әрі тұрақты имиджін қалыптастыруға бағытталған бастаманың негізіне айналды.

Ұшып шығу аймағындағы орталық экрандардың бірінде орналастырылған баннер заманауи әрі ықшам стильде жасалған. Онда Астананың силуэті, жаңартылатын энергия мен технология элементтері: жел турбиналары, күн панельдері және ғарыш зымыранының ұшырылуы бейнеленген. Орталық ұран - Born Bold  - сенімді көзқараспен қараған жас қазақстандық әйелдің бейнесімен толықтырылады. Экрандағы QR-код www.boldkazakhstan.com сайтына апарады. Бұл сайтта елдің инвестициялық мүмкіндіктері, туристік бағыттары және мәдени бастамалары туралы ақпарат берілген.

Еуропадағы ең көп баратын орындардың бірінде көрнекі хабарламаның орналастырылуы - Қазақстанның жаһандық коммуникациялық кеңістіктерге белсенді қатысуын көрсетіп, еліміздің дамуындағы басты бағыттарды кең аудиторияға таныстыруға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-hague/press/news/details/1031352?lang=kk