ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра комитеті Қазақстан Республикасының «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңын құптады

ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра комитеті Қазақстан Республикасының «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңын құптады

15.07.2025 18:32:58 352

Париж, 2025 жылғы 16 шілде – Қазақстан 2025 ж. 6–16 шілде аралығында ЮНЕСКО-ның Париждегі бас пәтерінде өткен Дүниежүзілік мұра комитетінің 47-сессиясына осы үкіметаралық органның мүшесі ретінде белсенді түрде қатысты. Сессия барысында оған тарап болып табылатын мемлекеттердің Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы 1972 жылғы Конвенция ережелерін орындауы талқыланды.

47-сессия Болгарияның төрағалығымен өтті. Осы орайда оның ашылу салтанатында Болгарияның Мәдениет министрі Мариан Бачев пен ЮНЕСКО Бас директоры Одре Азуле сөз сөйледі.

Бұл беделді үкіметаралық ұйымның басшысы өз сөзінде: «Бейбіт өмір сүру үшін біз мәдени және табиғи мұрамызды қорғауымыз, келер ұрпаққа аманаттап тапсырыуымз және оның мәнін ұдайы ұғынып тұруымыз қажет» – деп атап өтті.

«1978 жылдан бері Дүниежүзілік мұра тізімі 1200-ден астам нысанмен толықты. Олар 4,8 миллион шаршы шақырымнан асатын аумақты қамтиды. Бүгінгі таңда бұл Конвенцияға 196 мемлекет қосылды – бұл оның әмбебаптығын және барынша кеңінен мойындалғанын көрсетеді», – деді ол.

Отандық делегацияның құрамына Түркістан облысы әкімінің Бірінші орынбасары Зұлфұхар Жолдасов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Төрағасы Данияр Тұргамбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі, «Қазқайтажаңарту» РМК Бас директорының м. а. Олжас Шериязданов, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының Бас хатшысы Жанар Шайменова, ҚР ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігінің дипломаттары және мәдени және табиғи мұра саласындағы тәжірибелі мамандар кірді.

Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов делегация атынан сөйлеген сөзінде: «ЮНЕСКО-ның осындай ықпалы зор органына мүше болу – Қазақстан үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Екінші сессия қатарынан еліміз адамзат үшін ерекше маңызды мәдени және табиғи мұраны қорғауға белсене атсалысуда», – деді.

Сессия қорытындысымен Комитет Дүниежүзілік мұра тізіміне 26 жаңа нысанды енгізіп, 248 тіркелген нысанның сақталу жағдайы бойынша есептерді қарастырды. Олардың ішінде Қазақстанға тиесілі 4 нысан қамтылды: Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Батыс Тянь-Шань, Тұран шөлдері және Жібек жолының Чанъань–Тянь-Шань дәлізінің бағдарлар желісі.

Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ахуалы жөніндегі есепті қарастыру қорытындысы аясында Комитет Қазақстан Республикасының «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңының қабылдануын ресми түрде құптады. Комитет шешімінде аталған заңда мәдени мұраны қорғау, туризмді орнықты сипатта қадалағалау және қала дамуындағы қағидалар қамтылғаны, кесененің күзет аймағының шекарасынан бір жүз метр қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын объектілер салуға жол берілмейтіні бөлек атап өтілген.

Қазақстан делегациясы өз баяндамасында осы заң актісінде 1972 жылғы Конвенцияға бірнеше рет сілтеме жасалғанын және Түркістан қаласының дамуы осы халықаралық құжаттағы еліміздің міндеттемелеріне сәйкес жүргізуге дайындық бар  екенін атап өтті.

Осыған орай А.Абдрахманов «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңның Дүниежүзілік мұра комитеті тарапынан оң бағалануы біздің мемлекеттік органдарға оны жүйелі әрі нақты орындау арқылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сияқты жаһандық маңызы бар нысанды ЮНЕСКО-мен тығыз ынтымақтастықта және 1972 жылғы Конвенция талаптарына сәйкес қорғау
үшін қосымша жауапкершілік жүктейді», – деп мәлімдеді.

Сессия барысында Қазақстан делегациясы күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша сөз алып, Дүниежүзілік мұра комитетінің 47-сессиясының 15 шешімінің тең авторы болды.

Сессия жұмысына 1972 жылғы Конвенцияға қатысушы 150  мемлекеттен жиналған шамамен 1 500 делегат қатысты.

Дүниежүзілік мұра комитетінің қазіргі құрамындағы 21 мемлекет: Аргентина, Бельгия, Болгария, Вьетнам, Грекия, Жапония, Замбия, Италия, Кения, Корея Республикасы, Қазақстан, Қатар, Ливан, Мексика, Руанда, Сенегал, Сент-Винсент және Гренадиндер, Түркия, Украина, Үндістан және Ямайка. Айта кетейік, Қазақстан осы беделді органның құрамында бұған дейін 2013–2017 жылдары кірген болатын.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-unesco/press/news/details/1035016?lang=kk