Қазақстан Елшісінің Катовице қаласына сапары: өңіраралық және инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа перспективалары
29.07.2025 18:22:23 1430
Катовице, 2025 жылғы 24-25 шілде – Қазақстанның Польшадағы Елшісі Нұрлан Жалғасбаев жұмыс сапарымен Катовице қаласында болып, Силезия воеводтығының воеводасы Марек Вуйчикпен, аймақтың бірінші вице-маршалы Лешек Петрашекпен және Катовице қаласы әкімінің бірінші орынбасары Богумил Собулямен кездесулер өткізді.
Қазақстандық дипломат өңір басшыларын екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегі туралы хабардар етіп, еліміздің Польшамен жан-жақты серіктестікті бірізді әрі терең дамытуға бейілді екенін растады.
Кездесулер барысында сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру және инвестициялық өзара іс-қимылды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Польша бизнесінің Қазақстан экономикасына белсенді қатысып отырғаны атап өтіліп, әсіресе өңірлік деңгейде екіжақты экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін елеулі әлеуеттің бар екені көрсетілді.
Осы тұрғыда жоғары индустрияландыру деңгейі мен дамыған көлік инфрақұрылымы бар Силезия өңірі іскерлік ынтымақтастық үшін аса перспективалы аймақ ретінде атап өтілді. Катовице қаласында қазақстандық және поляк компанияларының қатысуымен бірлескен іскерлік іс-шаралар ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруға қызығушылық білдірілді.
Қазақстанда тұратын поляк диаспорасының екі ел халықтарының арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуға ықпал ететін берік гуманитарлық және мәдени көпір ретіндегі маңызды рөлі ерекше атап өтілді.
Силезия аймағының басшылары сұхбат барысында Қазақстанды Орталық Азиядағы Польшаның негізгі серіктесі ретінде атап өтіп, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауға дайын екендіктерін білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-warsaw/press/news/details/1042359?lang=kk