ШЫМКЕНТ: ЕҢБЕК ШАРТТАРЫН ЦИФРЛАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
09.08.2025 09:03:18 285
Шымкент қаласындағы еңбек қатынастары мен инвестициялық жобалардың орындалу барысына қатысты Мемлекеттік еңбек инспекциясы Департаменті 2025 жылдың есептік кезеңіндегі ахуалды жария етті. Мәліметтерге сүйенсек, еңбек шарттарын цифрландыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде
Еңбек шарттарын есепке алудың Бірыңғай жүйесіне Шымкенттегі 14 160 белсенді кәсіпорынның 11 622-сі (82%) өз жұмысшыларының шарттарын тіркеген. Ал бұл кәсіпорындардағы 199 990 жұмыскердің 173 620-сы, яғни 87%-ы жүйеде көрініс тапқан.
Департамент алдағы уақытта мақсатты индикаторлар көрсеткіштеріне толық қол жеткізуді көздеп, бұл бағыттағы жұмысты жандандыратынын мәлімдеді.
Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметіне сәйкес, Жалпыұлттық пул аясында құны 4 триллион теңгеге бағаланатын 105 инвестициялық жоба дайындалған. Бұл жобалар 17 253 жаңа жұмыс орнын құруды көздейді.
Бүгінгі күнде іске қосылған 37 инвестициялық жобаға Еңбек инспекциясы мониторинг жүргізіп, Министрліктің тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік еңбек инспекторлары жеке жауапты ретінде бекітілген.
Шымкент қаласындағы еңбек қатынастарын цифрландыру мен жұмыс орындарын ашу бағытында ауқымды жоспарлар бекітілген. Аталған жоспар бойынша жұмыскерлердің құқықтарын қорғау үшін цифрлық жүйелерді енгізу арқылы жүйелі бақылау орнату, кәсіпорындармен нақты жұмыс және ашық ақпараттық саясат – бұл саладағы негізгі құралдар болып қала бермек.