10 тамыз күні Айет ауылында ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған іс-шаралар өтті.

10 тамыз күні Айет ауылында ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған іс-шаралар өтті.

11.08.2025 09:41:07 195

Сағат 10:00-де ақ мәрмәр Абай ескерткіші ауыл тұрғындарын қарсы алып, жиналғандар ұлы данышпанға тағзым етті. Ескерткіш жанында гүл шоқтары қойылды. Ұлы мұраға деген шынайы алғыс пен құрмет сөздерін ауданның ішкі саясат бөлімі басшысы Ольга Нургалиева мен аудандық орталық кітапхана жүйесінің директоры Гаухар Асанова жеткізді.
Сөз сөйлегендер 180 жылдық – тек мақтануға себеп қана емес, сонымен қатар оның мұрасымен терең сұхбат құруға шақыру екенін атап өтті. Бұл – «Қара сөздерді» тарихи құжат ретінде ғана емес, жеке тұлға мен тұтас қоғам үшін өзін-өзі жетілдірудің жол картасы ретінде қайта оқу мүмкіндігі. Абай бастаған жол әлі аяқталған жоқ. Әр жаңа ұрпақ оның сөздерінен даналықты, күш-қуатты және ең бастысы – жүректі таба отырып, бұл жолды қайта жүріп өтуі тиіс.
Іс-шараның атмосферасы ұлы қазақ перзентіне деген мақтаныш пен оның ұрпаққа қалдырған рухани құндылықтарына деген құрметке толы болды.

Мереке аудандық Мәдениет үйінде жалғасын тапты. «Абай – дана, Абай – дара, әрқашан!» атты музыкалық-әдеби кешті жүргізушілер Танатқан Жүрсін мен Диана Абжанова ашты. Олар Абай күнін атап өту арқылы біз бір адамның ғана емес, баршамызға мұра болып қалған мәңгілік құндылықтардың да қадірін ұлықтайтынымызды айтты. Сол құндылықтарда оның бүкіл өмірі, жарқын болашақ туралы армандары бейнеленген. Оның қаламы – әділет қылышы, ойы – ақылдың үні. Абай – сөзі бүгін де шабыт беретін ақын. Оның философиясы, «Қара сөздері» – барлық ұрпаққа арналған қазына, әлемнің көптеген тіліне аударылған. Ол мораль, құқық, тарих тақырыптарында жазылған 45 қысқа ғибраттан тұрады.

Сахнаға Абай бейнесінде Халық театрының әртісі Мархабат Нокишов шығып, бірінші қара сөзді оқыды. Ұлы тұлғаның балалық шағы туралы Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Айман Зыбалева баяндады. Ол Абайдың мәнін түсіну үшін ең алдымен оның есімінен бастау керектігін айтты. Абайдың қысқа есімінің өзіне бүкіл даналық мұхиты сыйып тұр. Оған бойлай ене отырып, біз тек әсем поэзия мен мәдениетті ғана емес, өзімізді де табамыз. Бұл жауаптар кешегі күнге ғана емес, бүгінге де арналған. Өйткені классик – әрқашан замандас.

А. Зыбалева сөзін «Жолда өзіңді ұста» атты өлеңімен жалғастырды. Дариға Айсағалиева Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» шығармасын нәзік те шынайы орындады.
Көрермендер ұлы ақынның даналығы мен рухани мұрасына терең мән мен туған мәдениетке деген сүйіспеншілікпен толы жарқын өнер туындылары арқылы қанықты.

Абайдың жастық және кемел шағы, сондай-ақ 15-ші қара сөзі жайлы Майра Мырзагалиева баяндады. Жас музыканттар Әлібек Жарылқасынов пен Айбек Балтабаевтың орындауында әйгілі «Торы жорға» және «Кербез сұлу» күйлері орындалды.
Абай Құнанбайұлы А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, И.А. Крыловтың шамамен 50 шығармасын аударған. Орыс поэзиясынан аударған өлеңдері ұлттық қазынаға айналды. Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан «Татьяна хаты» шығармасын Дариға Айсағалиева орындады.

Абай махаббаттың құдіретті күші мен адамды шабыттандырып, асқақтататын сұлулық туралы көп жазды. Ақын жырларындағы махаббат биік әрі асыл сезім. Халық сүйіп тыңдайтын шығармаларының бірі – «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін Талғат Шакельдиков орындады.

Сахнада тағы да Абайдың өлеңдері оқылды. Бұл жолы Мархабат Нокишов сомдаған ұлы ақын жастарына «Адам боламын десеңіз» атты өсиетін жолдады.

Абайдың туғанына 180 жыл өтсе де, ол әлі де бізбен бірге. Біздің әндерімізде, ойымызда, жүрегімізде. Абай сөзі бізді білімге, махаббат пен бірлікке жетелесін!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-bmalin-audany-akimat/press/news/details/1048550?lang=kk