ШЫМКЕНТТЕГІ БІЛІМ НЫСАНДАРЫНДА ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
14.08.2025 11:58:30 955
Қаладағы бірқатар білім беру мекемелерінде күрделі жөндеу және құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернатында күрделі жөндеу жұмыстары биылғы наурыз айында басталған. Бүгінгі таңда жұмыстардың 85 пайызы орындалған. Жөндеу жұмыстары қыркүйек айына дейін толық аяқталып, жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілуі жоспарлануда.
Ө. Жолдасбеков атындағы №9 IT лицейінде де дәл осындай мерзіммен және қарқынмен күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімдік орындалуы тұрақты бақылауда.
Сонымен қатар, №97 «Ақмарал» бөбекжай-бақшасында маусым айында басталған күрделі жөндеу жұмыстарының 60 пайызы орындалды. Бұл нысанда да жұмыстардың сапасы басты назарда.
Жалпы, білім беру мекемелерінде атқарылып жатқан құрылыс жұмыстары жаңа оқу жылына дейін толық аяқталып, оқушылар мен тәрбие алушыларға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.