Селангор – Қазақстан: Аймақтық серіктестіктің жаңа мүмкіндіктері
27.08.2025 10:30:07 138Селангор штатының Үкімет басшысы Амирудин бин Шари бастаған делегациясының Қазақстанға ресми сапары аясында білім, мәдениет, технология және экономика салаларында бірқатар маңызды кездесулер өтті.
Астанада делегация Назарбаев Университетіне барып, академиялық алмасу, бірлескен ғылыми зерттеулер және қос диплом бағдарламалары бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. UNISEL, UIS және STDC секілді Селангордың жетекші жоғары оқу орындары тарапынан ынтымақтастыққа үлкен қызығушылық білдірілді.
Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігімен, сондай-ақ Білім министрлігімен өткен кездесулерде STEM-білім, техникалық оқыту, инновациялар және білім беру технологиялары бағыттарындағы бірлескен бастамалар қарастырылды.
Мәдени ынтымақтастыққа да ерекше көңіл бөлінді. Алматыдағы Ұлттық және Мемлекеттік кітапханалармен, сондай-ақ Қазақстан Президенті орталығымен бірқатар құжаттарға қол қойылды. Қазақтың ұлы ойшылдары – Әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи еңбектерін малай тіліне аудару, кітапханаларды цифрландыру және балалар оқуы салаларындағы жобалар жоспарлануда.
Astana Hub – Орталық Азиядағы ірі технологиялық орталыққа бару барысында тараптар цифрлық экономика, стартаптарды қолдау және IT мамандарын даярлау бағыттарын талқылады.
Алматыда Селангор Үкіметінің басшысы қала әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесіп, тұрақты қалалық даму, көлік, инвестиция, жаңартылатын энергетика, туризм және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты талқылады. Куала-Лумпур – Алматы тікелей әуе рейсі туризмнің дамуына оң әсер етіп отыр. 2024 жылы Малайзиядан келетін туристер саны 5 есеге артқан.
Селангор Үкіметі басшысының бұл сапары Малайзия мен Қазақстан арасындағы аймақаралық байланысты тереңдетуге бағытталған маңызды қадам болды. Келісілген бастамалар білім, ғылым, мәдениет және технология салаларында жаңа серіктестік көкжиектерін ашады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuala-lumpur/press/news/details/1057337?lang=kk