ШЫМКЕНТ: ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ҚАРСАҢЫНДА 16 МЕКТЕП ЛИЦЕНЗИЯ АЛДЫ
28.08.2025 11:12:15 119
Шымкент қаласының білім саласында 2025-2026 оқу жылына дайындық аясында маңызды өзгерістер жүзеге асуда.
Жаңа оқу жылына дайындық барысында 16 мектеп лицензия немесе лицензия қосымшасына өтініш беріп, білім беру қызметін жүзеге асыруға рұқсат алды. Оның ішінде 11 мектеп мемлекеттік «Келешек мектеп» жобасының аясында ашылған №140-ден №150-ге дейінгі аралықтағы жалпы орта білім беретін мектептер болып табылады. Бұл мектептер мемлекеттік стандарттарға сай сапалы білім беру және заманауи талаптарға сай инфраструктура құру мақсатында іске қосылуда.
Сонымен қатар, 5 мектеп жекеменшік форматта жұмыс істеуге лицензия алып, қаладағы білім беру саласына жаңа леп әкелді. Бұл жекеменшік мектептер қатарында:
• «SHYMKENT HIGH SCHOOL» ЖШС
• «Зерде» мектеп-лицейі ЖШС
• «VC Shymkent» ЖШС
• «Дарын-2 республикалық мектеп-лицейі» ЖШС
• «Zulpykhar mektebi» ЖШС
Жекеменшік мектептердің санының артуы – қалада білім сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың бір көрінісі. Бұл мектептер сапалы оқыту, жеке тәсіл және халықаралық стандарттарды енгізу арқылы білім саласын дамытуға үлес қосып отыр.
Айта кетейік, білім беру лицензияларының тоқтатылуы және жаңа лицензиялардың берілуі — білім саласындағы сапаны бақылаудың, мектептердің қаржылық және ұйымдастырушылық тұрақтылығын тексерудің бір бөлігі. Осылайша, Шымкент қаласының білім басқармасы білім беру мекемелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, оқушыларға сапалы білім беру мүмкіндігін арттыруға ұмтылады.