ШЫМКЕНТТЕ САБЫР РАХЫМОВ АТЫНДАҒЫ ӘСКЕРИ КОЛЛЕДЖДІҢ ЖАҢА ОҚУ ҒИМАРАТЫ АШЫЛДЫ.
04.09.2025 17:00:12 3766
Шымкент қаласында Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымов атындағы республикалық әскери колледжінің жаңа оқу ғимаратының салтанатты ашылуы өтті.
Шараға Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Қарулы Күштердің ардагерлері, колледж ұжымы, сондай-ақ «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының студенттері қатысты.
Салтанатты шара Сабыр Рахымовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды, қатысушылар аты аңызға айналған қолбасшыны бір минут үнсіздікпен еске алды. Рәсімнің өскелең ұрпаққа тарихтың ерлік беттерін еске түсіріп, Отан қорғаушылардың ерліктеріне құрметпен қарауға баулу, тәрбиелік мәні терең болды.
Салтанатты шара барысында Қорғаныс министрі мен қала әкімі жиналғандарды жаңа оқу ғимаратының ашылуымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Ғабит Сыздықбеков өз сөзінде колледждің жас ұрпақты тәрбиелеуге қосып жатқан үлесін ерекше атап өтті. Ұстаздардың жанкештілігінің арқасында курсанттар борыш, намыс, патриоттық сезімдерді тәрбиелейтінін атап өтті. Қала басшысы болашақ офицерлер еліміздің егемендігі мен қауіпсіздігінің сенімді қорғаушылары болатынына нық сенім білдірді.
Өз кезегінде Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қала басшылығына әскери бөлімдер мен нысандарды абаттандыруға, сондай-ақ гарнизондық әскери қызметшілерге әлеуметтік қолдау көрсетуге тұрақты көмектері мен тығыз ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді. Министр құрмет белгісі ретінде қала әкіміне Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Ел қорғаны» ведомстволық медалін табыс етті.
Шара барысында үздік әскери қызметшілер марапатталып, колледж ұжымы салтанатты маршпен жүріп өтті. Сонымен қатар, қонақтарға қоян-қолтық ұрыс элементтері мен әскери техника үлгілері көрсетілді. Соңында делегация жаңа оқу ғимаратын, заманауи жабдықталған кітапхана мен мұражайды, әскери асхана мен спорт залын аралап, оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысты.
Жаңа оқу корпусы болашақ офицерлердің кәсіби және дене шынықтыру дайындығымен қатар әскери білім сапасын арттыруға тамаша мүмкіндік береді. Бұл бастама еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланды.