Шымкент қаласын дамыту Smart City тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылады

Шымкент қаласын дамыту Smart City тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылады

05.09.2025 16:51:43 119

Шымкент қаласының әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ арасында «Ақылды қала» жобасын жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин қол қойды.

Келісім Smart Shymkent жол картасы аясында пилоттық шешімдерді іске қосуды қарастырады. Қолайлы орта құруға және азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған цифрлық қызметтерді тестілеу және біріктіру жоспарлануда.

Орталықтандырылған инфрақұрылымды басқару жүйесін құруға, дрондардың бірыңғай инфрақұрылымын енгізуге, сондай-ақ қауіпсіздік процестерін автоматтандыруға, қоршаған ортаны бақылауға және төтенше жағдайларға жедел ден қоюға ерекше назар аударылады.

Мысалы, дрондардың бірыңғай инфрақұрылымы жол жөндеу, қоқыс шығару, жол белгілерін орнату, сондай-ақ заңсыз ғимараттар мен үйінділерді бақылауға мүмкіндік береді. Айта кетейік, «Қазақтелеком» АҚ осыған дейін Ақмола облысында осындай жобаны сәтті жүзеге асырған болатын. Енді Шымкентте цифрлық шешімдер кезең-кезеңімен енгізілмек.

Қала әкімі «Қазақтелеком» АҚ басшылығы мен мамандарына ынтымақтастығы мен озық технологияларды енгізуге дайындығы үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, ол бірлескен жобаның қала мен оның тұрғындарына айтарлықтай пайда әкелетініне сенім білдірді.

Жол картасы аясында Шымкентте заманауи цифрлық шешімдерге негізделген 13 пилоттық жоба жүзеге асырылады. Олардың қатарында дрондар инфрақұрылымы, жасанды интеллектімен бейнебақылау жүйелері, смарт есептегіштер, қоршаған ортаны бақылау, ұлттық бейнебақылау жүйесі, AI-дің медициналық шешімдері (AI-терапевт, CerebraAI), жол сапасын бақылау, GovTech платформасы, смарт бейнежетондар, азаматтарға арналған бірыңғай байланыс орталығы (Jardem 109) бар.