Алматы облысының денсаулық сақтау басшысы халықаралық медициналық форумға қатысты

Алматы облысының денсаулық сақтау басшысы халықаралық медициналық форумға қатысты

08.09.2025 11:00:48 349

Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) және Түркия іскерлік қауымдастығы ассоциациясының шақыруымен өткен халықаралық медициналық форумға қатысты.

2025 жылғы 3–4 қыркүйек күндері Ыстамбұл қаласында Жапония, Түркия, Қазақстан, Украина, Қырғызстан және Өзбекстанның мемлекеттік және жекеменшік ұйымдары өкілдерінің қатысуымен денсаулық сақтау саласындағы халықаралық бизнес-форум өтті.

Алматы облысының делегациясы құрамында Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының директоры Айман Ракишева да форум жұмысына қатысты.

Форум аясында денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) форматы бойынша ынтымақтастық, медициналық саланы цифрландырудың болашағы, трансшекаралық инвестициялар мен озық технологияларды енгізу мүмкіндіктері талқыланды.

Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов өз баяндамасында өңірде іске асырылып жатқан және жоспарланған МЖӘ жобаларын, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы инвестициялық әлеуетті таныстырды. Сонымен қатар, медициналық практикаға инновациялық шешімдерді енгізу мен цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Форум қорытындысы бойынша келесі келісімдерге қол жеткізілді:
• Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасы базасында PACS-орталығын (медициналық кескіндерді мұрағаттау және тарату орталығы) құру туралы келісімге қол қою;
• Алматы облысында «Oncology Endo» пилоттық жобасын іске асыру;
• Жапония мен Түркиядан жетекші профессорлардың өңір дәрігерлеріне заманауи диагностика және емдеу әдістері бойынша шеберлік сабақтары мен оқыту семинарларын өткізу

Мұндай халықаралық форумдарға қатысу өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, инвестициялар мен заманауи технологияларды тартуға, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға зор мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-densaulyk/press/news/details/1063364?lang=kk