Еуразия жүрегінен шыққан табиғи бал: Қазақстан мен Aranynektár Kft ынтымақтастығын нығайтуда
15.09.2025 20:20:41 150
2025 жылғы 18-19 тамызда мажарлық «Aranynektár Kft» компаниясының негізін қалаушы және бас директоры мырза Ференц Фулмер бастаған делегация жұмыс сапарымен Астана қаласына келді.
Сапардың мақсаты - Қазақстандағы ара шаруашылығы саласының инвестициялық әлеуетін зерделеу, отандық бал өндірушілермен байланыс орнату және ел аумағында өңдеу өндірісін жергіліктендіру мүмкіндіктерін қарастыру. Сапар аясында «Aranynektár Kft» өкілдері бірнеше өңірді аралап, жергілікті омарташылармен кездесті және өндірістік жағдайлармен танысты.
Астанадағы ресми бағдарлама аясында делегация Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Республикалық омарташылар палатасымен және QazTrade ұлттық компаниясымен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында АӨК-ті мемлекеттік қолдау шаралары, экспорттық өнімді ілгерілету құралдары, қазақстандық балдың сапасын арттыру және халықаралық нарықтарға бағытталған бірлескен өңдеу өндірісін құру мәселелері талқыланды.
Ерекше назар өнімнің халықаралық сапа стандарттарына, оның ішінде Еуропалық одақ талаптарына сәйкестігіне аударылды. 2025 жылдың басында Қазақстан балының ЕО елдеріне экспортталуына арналған ветеринариялық сертификаттың келісілгені жаңа экспорттық мүмкіндіктерге жол ашты және «Made in Kazakhstan» брендімен балдың сыртқы нарықтағы позициясын нығайтты.
«Aranynektár Kft» компаниясы ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа, соның ішінде қазақстандық омарташыларға арналған білім беру бағдарламаларын іске асыруға, бірлескен маркетингтік бастамаларға және экологиялық таза әрі өнімнің бақылануын қамтамасыз ететін тұрақты экспорттық тізбек құруға мүдделі екенін растады.
Аталған сапар Қазақстан мен Мажарстан арасындағы агроөнеркәсіп саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты дамыту жолындағы тағы бір маңызды қадам болды. Бұл тараптардың өңдеу және экспорттық жобаларға инвестиция тарту арқылы практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге деген ұмтылысын көрсетеді.
Сапар шетелдік өндірістерді жергіліктендіру мен экспортқа бағытталған жобаларды дамытуға жан-жақты қолдау көрсететін «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының белсенді қатысуымен ұйымдастырылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1068291?lang=kk