«Таза қала» Шымкентте: коммуналдық қызметтің шешілмеген түйткілдері

«Таза қала» Шымкентте: коммуналдық қызметтің шешілмеген түйткілдері

27.08.2025 09:35:14 306

27 тамыз 2025 жылы «Jibek Joly» телеарнасының «Таза қала» бағдарламасы бұл жолы Шымкентке ат басын тіреді. Әдеттегідей жүргізушілер екі топқа бөлініп, қаланың көрнекті орындарын, тұрғын үйлерді, жеке секторды аралап шықты. Олар санитарлық жағдаймен, экологиялық ахуалмен, қала мәдениетімен және абаттандыру деңгейімен танысып, жиналған деректерді сарапшыларға ұсынды.

Көрікті қала қашанда көз тартады. Жасыл желекке бөленген көшелер, қонақжай тұрғындар — бәрі келушілердің көңілін баурайды. Шымкентке келген адамдардың біразы мұнда тұрақтап қалғысы келетіні де жасырын емес. Соңғы жылдары жүргізілген жұмыстардың нәтижесі көзге көрініп тұр. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында күн сайын әртүрлі іс-шаралар, сенбіліктер өткізіліп, қайта құру жобалары жүзеге асуда. Қаланың көшелері де, аялдамалары да таза ұсталады. Қоғамдық көлік аялдамалары күн сайын жуылып, арнайы шампуньмен тазартылады.

Бұл жұмыстарды орындау үшін мердігер ұйымдарға қойылатын талап күшейтіліп, техника саны арттырылды. Дегенмен ең бастысы — осы ауыр техниканың басында қарапайым еңбек адамдары тұр. Мәселен, Сауле Кеңесқызы қала тазалығында 20 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді.

– Алғашында сыпырушы болып кіріскенімде ұялатынмын, адамдардан бетімді жасыратынмын. Кейін бұл істің қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Қазір еш қысылмай, керісінше, тұрғындардан алғыс естіп жүремін. Соңғы екі жылда жалақымыз екі есеге өсті. Әр тоқсан сайын сыйақы аламыз. Таңғы алтыда жұмысқа шығамыз. Қыстың аязында да, жаздың ыстығында да қаланы таза ұстауға бар күшімізді саламыз, – дейді ол.

Міне, осындай адамдардың еңбегінің арқасында қаланың шырайы кіріп тұр.

Алайда үлкен мегаполисте шешілмеген мәселелер де жоқ емес. Әсіресе, жеке сектордағы тұрмыстық қалдықтар проблемасы тұрғындарды алаңдатып отыр. Көшелерде арнайы қоқыс жәшіктері орнатылғанымен, олар дер кезінде тазартылмайды. Соның салдарынан ауаның иісі бұзылады. Дегенмен тұрғындар қоқысты бейберекет төкпей, арнайы пакеттерге салып, жинап қояды.

Мәселе — сол пакеттерді әкететін техниканың уақытылы келмеуінде. Әдетте қоқыс аптасына бір рет шығарылуы тиіс болса, кей көшелерде үш апта бойы жиналмаған жағдайлар тіркелген. Бұл — тұрғындардың басты шағымдарының бірі.

Шымкент десе, ең алдымен көз алдымызға базарлар елестейді. Қалада ресми түрде 19 сауда орны бар. Соның төртеуі соңғы жылдары жаңғыртудан өтті. Бұрын бейберекет және жабайы сауда белең алса, бүгінде ретке келтірілуде. Қолайлы жағдай жасалып, санитарлық талаптарға сай келетін алаңдар пайда бола бастады.

«Таза қала» бағдарламасы Шымкентке өткен жылы да келген болатын. Сол кезде жүргізушілердің назарына түскен жайттардың бірі — жаңа салынып жатқанымен, сырты ескіргендей көрінетін үйлер, ағып тұрған құбырлар, қоқысқа толы аулалар еді. Биыл бағдарлама тобы сол үйлерді қайта қарап шықты.

Кейбір үйлердің жағдайы жақсарған, сырты жөнделген, аулалар көгалдандырылған. Дегенмен әлі де шешімін күтіп тұрған мәселелер бар.

Жағымды өзгерістердің бірі – «Көксай» немесе «Жасыл сай» аталып кеткен ауданға қатысты. Өткен жылы бұл жердің тұрғындары ескі үйлердің жағдайына шағымданған болатын. Ал биыл мұнда жаңа құрылыс басталып, алғашқы тұрғындар жаңа көпқабатты үйлерге көшіп үлгерді.

Бұл Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Реновация» бағдарламасының нәтижесі. Жаңа пәтерлердің бөлмелер саны бұрынғы үйлердегідей, алайда жалпы аумағы екі есе үлкен. Бағдарламаның алғашқы кезеңінде 8 үйдің 76 отбасы жаңа қонысқа ие болды. Жалпы алғанда, 23 үйдің 217 тұрғынын жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Шымкенттің бүгіні мен болашағы — қарапайым еңбек адамдарының маңдай терімен қалыптасып келеді. Қаланың көркін ашатын тазалық жұмыстары бір сәтке де тоқтаған емес. Дегенмен, жеке сектордағы қоқыс шығару, кейбір үйлердің сапасы, коммуналдық қызметтің баяулығы сынды түйткілдер де бар.

«Таза қала» бағдарламасы көрсеткендей, қалада жақсы істер де, шешімін күткен проблемалар да қатар жүруде. Шымкенттің келбеті жыл өткен сайын жақсарып келеді, бірақ алдағы уақытта қала әкімдігі мен коммуналдық қызметтерден талап күшейе түспек.