ТАЗАЛЫҚ КҮНІНІҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: ШЫМКЕНТТЕ ЖҮЗДЕГЕН ТОННА ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛДЫ
20.09.2025 12:04:42 327.png)
2025 жылдың 20 қыркүйегінде еліміздің барлық өңірінде бір мезетте бастау алған «Дүниежүзілік тазалық күні» кең ауқымды экологиялық акциясы биыл да өз жалғасын тапты. Табиғатты қорғауға, қоршаған ортаны қоқыстан арылтуға және халықтың экологиялық мәдениетін көтеруге бағытталған бұл игі бастамаға Шымкент қаласы да белсенді түрде үн қосты.
Шымкент қаласы аумағында өткен жалпықалалық сенбілікке мыңдаған тұрғын, еріктілер, жастар ұйымдарының өкілдері, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері, өндіріс орындары, кәсіпкерлік құрылымдар мен білім беру мекемелерінің ұжымдары атсалысты. Таңертеңгілік сағаттан бастап шаһардың барлық ауданында тазалық жұмыстары қызу жүрді.
Сенбіліктің алғашқы нүктелері ретінде Мангелдин көшесі №32-34 мекенжайы, Конституция өткелі және Отырар шағынауданындағы көпқабатты үйлердің аулалары таңдалды. Бұл аумақтарда жергілікті тұрғындар, мектеп пен балабақша ұжымдары, сондай-ақ мекеме қызметкерлері бірігіп, тазалыққа үлестерін қосты.
Әл-Фараби ауданы бойынша – 937 адам және 14 арнайы техника жұмылдырылды. Қала аумағынан 22,2 тонна қоқыс шығарылды. Бұған қоса ағаш бұтақтары кесіліп, көгалды аймақтардағы шөптер шабылды, қоқыс алаңдары жуылып, ретке келтірілді.
Еңбекші ауданында – сенбілікке 11 792 адам мен 66 техника тартылды. Нәтижесінде 58 тонна тұрмыстық қалдық жиналып, қала тазалығына айтарлықтай үлес қосылды. Сенбілік барысында әлеуметтік нысандар, өндірістік аймақтар, білім беру мекемелері мен барлық мекемелер қамтылды.
Қаратау ауданында – 968 адам мен 18 техника жұмыс істеп, 32,9 тонна қоқыс шығарылды. Бұл аудандағы тұрғындар да тазалық шарасына ерекше белсенділікпен атсалысты.
Тұран ауданында – рекордтық көрсеткіш тіркелді. Мұнда 13 957 адам және 54 арнайы техника жұмылдырылып, 60 тонна қоқыс шығарылды. Қатысушылар қатарында 5230 тұрғын, 1000-нан астам студент, 115 әлеуметтік нысан мен 212 кәсіпкерлік құрылым болды. Бұл Тұран ауданының сенбілікке ерекше белсенді қатысқанын айқын көрсетті.
«Дүниежүзілік тазалық күніне» орай Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Шымкент – таза қала!» атты кең ауқымды акция ұйымдастырылды. Аталған шара аясында Маятас елді мекенінде 200-ге жуық белсенді жас аумақты тазартуға атсалысты. Олар көшелерді, бос жатқан жерлерді қоқыстан арылтып, қалдықтарды арнайы орындарға шығаруға көмектесті. Жастардың белсенділігі өзгелерге үлгі болды.
Қала әкімдігі өкілдері атап өткендей, мұндай шаралардың басты мақсаты – тек бір күндік тазалықпен шектелмейді. Ең маңыздысы – тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақыру. Қалада тазалық сақтау әрбір азаматтың күнделікті әдетіне айналуы тиіс. «Қоқыс тастамау – үлкен мәдениеттің белгісі» деген түсінікті халық санасына сіңіру – экологиялық акциялардың негізгі міндеті.
Сондай-ақ, сенбілік барысында ағаш отырғызу, жас көшеттерге күтім жасау, жасыл аймақтарды суару жұмыстары да қатар атқарылды. Бұл әрекеттер қаланың көркін арттырып қана қоймай, болашақ ұрпаққа таза әрі жасыл қала қалдыруға бағытталған.
Сенбілік барысында түрлі сала өкілдерінің иық тірестіре еңбек етуі қоғамдағы бірліктің айқын көрінісіне айналды. Жастар мен қарттар, мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлер, студенттер мен мұғалімдер бір мақсатқа жұмылып, ортақ іске үлес қосты. Мұндай шаралар адамдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, өзара түсіністікті арттырады.
Жалпы алғанда, Шымкент қаласы аумағында өткен «Дүниежүзілік тазалық күні» сенбілігінің нәтижесінде жүздеген тонна қоқыс шығарылды. Әр аудан өз деңгейінде үлкен еңбек атқарып, қаланың ажарын айшықтай түсті. Қала көшелері тазаланып, аулалар ретке келтіріліп, жасыл желектер күтімге алынды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта да сенбіліктер жүйелі түрде жалғасып, тұрғындардың белсенділігі арта түспек. Әсіресе, жастарды табиғатты қорғау ісіне тарту негізгі назарда болады. Себебі, жастардың үлгісі арқылы қала тұрғындарының жауапкершілігі артып, экологиялық мәдениет қалыптасады.
Биылғы «Дүниежүзілік тазалық күні» Шымкент қаласында жоғары деңгейде өтті. Мыңдаған адамның бірлескен еңбегінің арқасында қала көшелері тазарып, тұрмыстық қалдықтардан арылды. Бұл – тек бір күндік нәтиже емес, болашақта тазалыққа, тәртіпке мән беретін жаңа экологиялық мәдениеттің бастамасы.
Шымкенттіктердің бірлігі мен ынтымағының арқасында шаһарымыздың ажары арта түсті. Әрбір тұрғын өз үлесін қосса, туған қаламызды тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің ең таза, ең көрікті қалаларының біріне айналдыруға толық мүмкіндік бар.