Еуропалық логистикалық көшбасшы Қазақстан инфрақұрылымына инвестицияларын арттыруда
14.10.2025 09:46:46 147
Антверпен, Бельгия, 2025 жылғы 22 қыркүйек – Қазақстанның Бельгия Корольдігіндегі Елшісі Роман Василенко халықаралық логистика және интеграцияланған жеткізілім тізбегін басқару саласында Еуропаның жетекші провайдерлерінің бірі болып табылатын Ahlers Logistics компаниясының бас кеңсесіне барды.
Ahlers компаниясының иесі Кристиан Лейсенмен және өзге де жетекші менеджерлерімен өткен кездесу барысында тараптар Ahlers пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолдарын талқылады. Негізгі назар 2025 жылы Алматыда іске қосылған заманауи логистикалық орталыққа аударылды. Бұл нысан компанияның Орталық Азиядағы операциялары үшін маңызды тірек нүктесіне айналғанын атап өту керек.
Ahlers өкілдерінің айтуынша, жаңа кешен өңірдің логистикалық тұрақтылығын арттырып қана қоймай, қызмет ауқымын кеңейтуге де мүмкіндік ашты. Қысқа мерзімді келешекте компания қойма қуаттарын ұлғайтып, келісімшарттық қызметтердің спектрін кеңейтуді және жеткізілімдерді икемдірек басқару үшін цифрлық платформаларды енгізуді көздейді. Басым бағыттардың қатарында энергетика, машина жасау және ірі құрылыс салалары бар.
«Біз Ahlers компаниясымен серіктестікті жоғары бағалаймыз. Бұл ынтымақтастыққа шамамен отыз жылдай болды. Қазақстанның Еуразиядағы транзиттік хаб ретіндегі рөлі артып келе жатқан шақта мұндай бастамалар еліміздің бүкіл логистикалық экожүйесінің дамуына серпін беретініне сенімдімін», — деп атап өтті Роман Василенко.
Өз кезегінде Кристиан Лейсен компанияның Қазақстан нарығына стратегиялық бағдарын растады: «Қазақстан біз үшін тек транзиттік нүкте ғана емес, тұрақты өсу әлеуеті жоғары өңір. Біз инфрақұрылымға, жергілікті командаларға және ең жоғары халықаралық стандарттарға сай алдыңғы қатарлы логистикалық шешімдерге инвестиция салуды жалғастырамыз».
Анықтама үшін: Ahlers Logistics – 115 жылдан астам тарихы бар халықаралық логистикалық компания, 1909 жылы Бельгияның Антверпен қаласында құрылған. Отбасылық бизнес болып табылатын компания Еуропада, ТМД елдерінде және Азияда кеңселері бар. Ол қойма және келісімшарттық логистика, жобалық және ауыр салмақты жүктерді тасымалдау, кедендік рәсімдеу, жеткізілім тізбегін басқару және сауда операцияларын қолдау қызметтерін көрсетеді. Қазақстанда компания 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді, Алматыда кеңсесі бар. 2025 жылы Алматыда заманауи қойма кешені салынды, ол ел аумағындағы жаңа перспективалы жобалардың бастауы болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1072869?lang=kk