Қазақстан мен Aerospacelab: өзара серіктестіктің ортақ орбитасын іздеу
25.10.2025 12:12:29 140
Лувен-ла-Нёв, Бельгия, 2025 жылғы 24 қазан – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко шағын жасанды жер серіктерін жобалау және өндіру бойынша Еуропадағы жетекші компаниялардың бірі – Aerospacelab штаб-пәтеріне жұмыс сапарымен барды.
Кездесу барысында компанияның негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Бенуа Депермен жерді қашықтан зондтау, спутниктік байланыс және Қазақстанның ұлттық ғарыш бағдарламаларын іске асыру аясындағы технологиялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Тараптар Aerospacelab компаниясын спутниктерді бірлесіп өндіру және ұшыру жобаларына тарту, сондай-ақ қашықтан зондтау деректерін өңдеу және талдау жүйесін құру мүмкіндіктерін қарастырды. Ерекше назар технологиялар трансфері және Aerospacelab компаниясының Қазақстанның ұлттық спутниктік топтамасын кеңейту жөніндегі бастамаларына қатысу мәселелеріне аударылды.
Р.Василенко атап өткендей, Қазақстан Байқоңыр ғарыш айлағының, Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығының, сондай-ақ дамыған ғылыми-инженерлік инфрақұрылымының арқасында Aerospacelab компаниясымен ынтымақтастықты ұлттық ғарыш әлеуетін нығайтудың және жаһандық орбиталық инфрақұрылымға интеграцияланудың маңызды бағыты ретінде қарастырады.
Өз кезегінде Б.Депер Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін білдіріп, елдің Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес ретіндегі әлеуетін жоғары бағалады. Оның айтуынша, Aerospacelab инженерлік тәжірибесі мен Қазақстанның инфрақұрылымдық мүмкіндіктерінің үйлесімі технологиялық серіктестіктің тұрақты моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Анықтама: Aerospacelab компаниясы 2018 жылы Бенуа Депердің бастамасымен құрылды және бүгінде Еуропаның ғарыш саласындағы ең серпінді дамып келе жатқан кәсіпорындарының бірі болып табылады. Компания шағын спутниктерді жобалау, өндіру және пайдалану, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы спутниктік деректерге негізделген аналитикалық шешімдер ұсыну саласында маманданған. Aerospacelab жылына 500-ге дейін спутник шығара алады. Компания Еуропалық ғарыш агенттігімен (ESA) және жеке сектор өкілдерімен ынтымақтастық орнатқан. Жалпы инвестициялар көлемі 100 млн. еуродан асады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1093338?lang=kk