Канадада Қазақстан Республикасының күні салтанатты түрде аталып өтті

Канадада Қазақстан Республикасының күні салтанатты түрде аталып өтті

26.10.2025 09:33:28 88

Оттава, 2025 жылғы 24 қазан – Канада астанасында Қазақстан Республикасының күні мен Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына арналған дипломатиялық қабылдау өтті. Іс-шараға Канаданың Үкіметі мен Парламентінің өкілдері, дипломатиялық корпус, іскер және ғылыми қауымдастық мүшелері, сондай-ақ қазақстандық диаспора өкілдері бар 300-ге жуық қонақ қатысты.

Ресми қабылдауды ашқан Қазақстан Республикасының Канададағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Д.Құсайынов 1990 жылғы Декларацияның тарихи маңыздылығын атап өтіп, оның еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін нығайту жолындағы маңызды қадам болғанын ерекше көрсетті. Сондай-ақ, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан ауқымды реформалар жүргізіп, өңірлік деңгейдегі ірі экономикалық ойыншыға және халықаралық қауымдастықтың сенімді серіктесіне айналғаны аталып өтті.

Кездесу барысында қазақстандық-канадалық ынтымақтастықтың барлық негізгі бағыттарда қарқынды дамып келе жатқаны ерекше назарға алынды.

Канада Үкіметі атынан сөз сөйлеген Сыртқы істер министрінің парламенттік хатшысы Роберт Олифант Қазақстанның өңірлік тұрақтылықты нығайту мен көпжақты дипломатия қағидаттарын ілгерілету жолындағы жетістіктерін жоғары бағалады. Ол Оттаваның Астанамен әріптестікті кеңейтуге мүдделі екенін және Қазақстанды халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі сенімді серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.

Іскер топтар атынан Канададағы алғашқы және ұзақ мерзімді қазақстандық серіктестердің бірі – Cameco компаниясының аға кеңесшісі Шон Куин уран өндіру саласындағы ынтымақтастықтың тұрақтылығын атап өтіп, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

Кештің музыкалық бөлігіне әйгілі композитор, пианист және ЮНИСЕФ-тің ізгі ниет елшісі Стив Баракатт орындаған Қазақстан мен Канада әнұрандары айрықша өң берді. Ол бұған дейін 2025 жылғы 8 наурызда «Астана Опера» сахнасында өнер көрсеткен болатын.

Қонақтар арнайы безендірілген киіз үйде Қазақстанның мәдени мұрасымен танысып, ұлттық тағамдардан дәм татып, дәстүрлі қонақжайлылықтың ерекше атмосферасын сезінді.

Оттавада өткен Республика күні мерекесі Қазақстан мен Канада арасындағы берік байланыстардың және екі елдің орнықты даму мен халықаралық әріптестікке деген ортақ ұмтылысының жарқын символына айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ottawa/press/news/details/1093513?lang=kk