ЕҚЫҰ-да апаттар қаупін азайту саласындағы Қазақстанның тәжірибесі таныстырылды
31.10.2025 15:41:48 108
2025 жылғы 28-29 қазан, Вена қаласы. Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің төрағасы Серік Жүнісбеков бастаған Қазақстан делегациясы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) жыл сайынғы экономикалық және экологиялық өлшемі аясындағы міндеттемелерді орындау жөніндегі кездесуіне (EEDIM) қатысты. Биылғы кездесудің күн тәртібі апаттар қаупін азайту саласындағы ЕҚЫҰ міндеттемелерін іске асыруға бағытталған.
Іс-шараға қатысушылар ЕҚЫҰ өңірінде апаттар қаупін тиімді азайту үшін инклюзивті тәсіл мен инновациялық технологияларды ілгерілету жолдарын талқылады.
С.Жүнісбеков өз баяндамасында Қазақстанның төтенше жағдайлардың алдын алуға жан-жақты қатысу және ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ұзақ мерзімді күш-жігерін, сондай-ақ Сендай шеңберлік бағдарламасы мен Тұрақты даму мақсаттарының басым бағыттарын белсенді түрде жүзеге асыруын атап өтті.
Табиғи және техногендік төтенше жағдайлардың алдын алу және қаупін азайту мақсатында жыл сайын қауіпсіздік паспорттары әзірленетіні атап өтілді. Қазақстан тарапының өтініші бойынша Алматыдағы Төтенше жағдайлар және апаттар қаупін азайту орталығы және Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі «Цифрлік қауіпсіздік паспорттары» мен «Интерактивті карталар» ішкі жүйелерін әзірледі.
Төтенше жағдайлар және апаттар қаупін азайту орталығының өкілі Зүльфия Есниязова қатысушыларға ЕҚЫҰ-мен бірлесіп жүзеге асырылған жобалар туралы толығырақ ақпарат беріп, Орталықтың қызметімен таныстырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vienna/press/news/details/1096857?lang=kk