Румынияда Қазақстан Республикасының күніне арналған ресми қабылдау өтті
31.10.2025 15:41:55 107
2025 жылғы 29 қазанда, Румынияның астанасы Бухарестте Қазақстан Республикасының күніне арналған салтанатты қабылдау өтті. Іс-шараға Румыния Президенті Әкімшілігі мен Үкіметінің, министрліктердің өкілдері, Парламент депутаттары, Бухарестте аккредиттелген дипломатиялық миссиялардың басшылары, мемлекеттік органдардың, іскер және қоғамдық топтардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ қазақ диаспорасының мүшелері мен Румынияда білім алып жүрген қазақ студенттері қатысты.
Елші Ерлік Әли қонақтарды еліміздің ең маңызды мемлекеттік мерекесі – Республика күнімен құттықтап, оның халық үшін айрықша мәнге ие екенін атап өтті. Ол өз сөзінде Қазақстанның соңғы жылдардағы жетістіктері туралы айтып, ел экономикасының тұрақты өсімін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалар мен белсенді цифрландыру үдерісін ерекше атап өтті.
Дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері Қазақстан мен Румыния саяси, экономикалық және мәдени салаларда жоғары деңгейдегі ынтымақтастыққа қол жеткізді, сондай-ақ нәтижелі парламентаралық диалог орнатқанын айтты.
Салтанатты кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – Қазақстан мен Румынияның мемлекеттік гимндерінің әйгілі «Madrigal» ұлттық хорының орындауында шырқалуы болды. Сонымен қатар, хор ұжымы румын және қазақ халық әндерінен құралған попуррилерді орындап, екі ел арасындағы достық пен мәдени өзара түсіністіктің жарқын көрінісін паш етті. Айта кететін жайт, биылғы жылы «Madrigal» хоры Қазақстанға гастрольдік сапармен барып, ежелгі Отырар қаласында музыкалық бейнебаян түсірген болатын.
Іс-шараның құрметті қонағы – Румыния СІМ Мемлекеттік хатшысы Ана Кристина Тинка Қазақстан халқын Республика күнімен шын жүректен құттықтап, еліміздің саяси және экономикалық модернизациялауда қол жеткізген жетістіктерімізді ерекше атап өтті. Екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бері Қазақстан-Румыния ынтымақтастығының көкжиегі айтарлықтай кеңейді.
Бұл салтанатты қабылдау Қазақстан мен Румыния халықтары арасындағы достықтың, гуманитарлық байланыстар мен мәдени диалогтың нығаюына үлес қосқан жылы әрі әсерлі шара болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-bucharest/press/news/details/1096854?lang=kk