Білім беру саласын дамыту: Жетісу облысының Кәсіпкерлер палатасындағы салалық кеңес отырысы
31.10.2025 16:50:59 59
2025 жылдың 30 қазанында Жетісу облысының Аймақтық Кәсіпкерлер палатасы (КӘП) жанындағы Жеке білім беру жөніндегі Салалық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Отырыстың негізгі мақсаты – білім беру саласында қызмет ететін кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін объективті және жан-жақты қарау, сондай-ақ оларды алдағы заңнамалық өзгерістерге дайындауды қамтамасыз ету. Отырысқа Кәсіпкерлер палатасының, Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің (МКД) қызметкерлері, сондай-ақ жеке білім беру ұйымдарының (мектептер, колледждер, оқу орталықтары) басшылары мен өкілдері қатысты.
Талқылаудың негізгі тақырыбы 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін ҚР Салық кодексіндегі өзгерістер болды. МКД қызметкерлері жеке білім беру ұйымдарының қызметіне қатысты өзгерістерге, оның ішінде салық салу тәртібіне, арнайы салық режимдерін қолдану шарттарына және табыстар мен шығыстар бойынша есептіліктің жаңа ережелеріне қатысты толық түсініктемелер берді. МКД мамандарының кәсіби түсініктемелері кәсіпкерлерге алдағы фискалдық реформаларға уақытылы дайындалуға мүмкіндік береді.
Кәсіпкерлер палатасы мен Мемлекеттік кірістер департаментінің бірлескен жұмысы білім беру саласындағы кәсіпкерлік қызметтің дамуына, құқықтық кемшіліктерді жоюға және мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-zhetysu/press/news/details/1097014?lang=kk