Құқық тәртібі: Шымкент полицейлері балаларға Заң туралы мультфильм сыйлады
01.11.2025 12:06:36 123
Шымкенттегі орталық саябақта қалалық ішкі істер басқармасының бастамасымен қала әкімдігінің қолдауымен түсірілген «БалаЗаң – балалық шақтан құқық жолында» анимациялық фильмінің премьерасы өтті. Мультфильмнің бірінші бөлімі ашық ауада үлкен LED-экранда көрсетіліп, іс-шараға 500-ден астам бала қатысты.
Жоба өскелең ұрпақ арасында құқықтық мәдениетті тәрбиелеу, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, «Құқықтық тәртіп» идеологиясын насихаттауға бағытталған. Мультфильм балаларға заңның, әділеттің және қоғамдық тәртіптің маңыздылығын тартымды және қолжетімді етіп жеткізуге бағытталған.
Анимациялық фильмнің басты кейіпкері Барс Қазақстанның тәуелсіздігі мен қуаттылығын бейнелейді. Ол балаларды адалдық, сыйластық, ережелерді сақтау сияқты құндылықтарға үйретеді.
Премьера аясында балаларға арналған түрлі интерактивті және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Қатысушылар жол қозғалысы ережелері бойынша викторинаға қатысып, кинологтардың, сот-медициналық сарапшылардың, полицияның арнайы бөлімшелерінің жұмысымен танысты.
Полиция қызметіне арналған фотокөрме ұсынылды.
Мерекенің көркін қуыршақ театры әртістерінің, Шымкент циркінің қойылымдары, жас жол инспекторларының сахналық қойылымдары арттырды. Іс-шара балалар мен ата-аналарға арналған концертпен аяқталды, одан кейін қатысушылар ізгі тілек пен бейбітшілік символы болып табылатын түрлі-түсті шарларды аспанға ұшырды.
Жоба жасаушылардың айтуынша, «БалаЗан» – бұл жай мультфильм емес, балаларға заңның, әділдіктің, жауапкершіліктің құндылығын түсінуге, қоғамға өз үлесін қосуға деген құлшынысына көмектесетін тәрбиелік бастама.