Қазақстан БҰҰ Азия-Тынық мұхиты өңірлік тобына төрағалығын табысты аяқтады

Қазақстан БҰҰ Азия-Тынық мұхиты өңірлік тобына төрағалығын табысты аяқтады

02.11.2025 11:10:33 177

Нью-Йорк, 2025 жылғы 31 қазан – Біріккен Ұлттар Ұйымының Штаб-пәтерінде өткен Азия-Тынық мұхиты өңірлік тобының (APG) кезекті отырысы барысында, Қазақстанның аталған топқа 2025 жылғы қазан айындағы төрағалығы қорытындыланды.

БҰҰ-да қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, мүше мемлекеттер аймақтық топтарға ай сайын кезектесіп төрағалық етеді. Осылайша, қазан айы бойы Қазақстан APG тобының төрағасы ретінде аймақ елдерінің қызметін Ұйым күн тәртібіндегі өзекті мәселелер мен оның құрылымдарымен өзара іс-қимыл бойынша үйлестірді.

Отырыс БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Қайрат Омаровтың төрағалығымен өтті. Тұрақты өкіл Қазақстан төрағалығының негізгі нәтижелеріне және атқарылған жұмыстарына шолу жасады.

Кездесуде БҰҰ жүйесінің түрлі құрылымдарына сайланатын лауазымдарға мүше мемлекеттердің кандидатураларын ұсыну және қарау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бірқатар үміткерлер өз бағдарламалары мен басым бағыттарын таныстырды. Сессияны БҰҰ-ның Мемлекеттік қызмет жөніндегі халықаралық комиссиясына (ICSC) Қазақстанның үміткері Әлихан Байменов ашып, Комиссия жұмысына қатысты өз көзқарасы мен басым міндеттерін баяндады.

Отырыстың қорытындысында Қазақстан тарапы аймақ елдеріне сындарлы ынтымақтастығы мен қолдауы үшін ризашылығын білдіріп, қараша айында топқа төрағалықты қабылдайтын Кувейт Мемлекетіне табыс тіледі.

 

Анықтама: Азия-Тынық мұхиты тобы (APG) – БҰҰ-ның бес аймақтық тобының бірі болып табылады және аймақтың 55 мемлекетін біріктіреді. Топтың негізгі міндеті – аймақ елдерінің ұстанымдарын БҰҰ Бас Ассамблеясы, Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесі және басқа да органдар шеңберінде қаралатын мәселелер бойынша үйлестіру, сондай-ақ БҰҰ жүйесіндегі сайланбалы лауазымдарға кандидатураларды келісу және ілгерілету.

БҰҰ құрылымында, Азия-Тынық мұхиты тобынан өзге, келесі аймақтық топтар жұмыс істейді:

  • Африка мемлекеттері тобы (GAFS);
  • Шығыс Еуропа мемлекеттері тобы (EEG);
  • Латын Америкасы және Кариб бассейні мемлекеттері тобы (GRULAC);
  • Батыс Еуропа және өзге мемлекеттер тобы (WEOG).

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kazakhstanun/press/news/details/1097399?lang=kk