Білім және ғылым – Қазақстан мен Оман арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың басты бағыты
04.11.2025 08:30:50 160Масқат, 2025 жылғы 3 қараша – Қазақстан Республикасының Оман Сұлтандығындағы Елшісі Айдарбек Тұматов Оман Сұлтандығының Жоғары білім, ғылыми зерттеулер және инновациялар министрі Рахма әл-Махрукимен кездесті.
Тараптар қазіргі заманғы үрдістер мен шетелдік студенттердің Қазақстанды жоғары білім алу үшін, әсіресе медицина саласындағы жоғары оқу орындарын таңдауындағы артып келе жатқан қызығушылығын ескере отырып, білім және ғылым салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.
Елші А.Тұматов екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, бұл бағытта студенттік алмасу бағдарламаларын және ақпараттық технологиялар мен медицина салаларындағы бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ тараптар тұрақты және ұзақ мерзімді серіктестікті қамтамасыз ету мақсатында шарттық-құқықтық базаны одан әрі жетілдірудің маңыздылығына назар аударды.
Министр Рахма Әл-Махруки Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін білдіріп, екі ел арасындағы академиялық және ғылыми байланыстарды тереңдетуге ықпал ететін инновациялық және ғылыми-зерттеу бастамаларының маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар 2025 жылғы 2 желтоқсанда Масқат қаласында өтетін Үкіметаралық комиссияның алғашқы отырысы аясында білім саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қою мүмкіндігін қарастыруға уағдаласты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-muscat/press/news/details/1098287?lang=kk