Алматы облысында құрылыс сапасына бақылау күшейтілді

Алматы облысында құрылыс сапасына бақылау күшейтілді

04.11.2025 15:30:56 133

Алматы облысында құрылыс сапасын арттыру мен заң талаптарын сақтау бағытындағы бақылау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Басқарма тарапынан есептік кезенде 42 азамат жеке қабылдауда болып, өтініштеріне заңға сәйкес жауап берілді. Сондай-ақ, 238 нысаннан құрылыс-монтаж жұмыстарының басталуы туралы хабарлама түскен.
Жоспардан тыс тексеру нәтижесінде 70 нысанға хаттама толтырылып, заң бұзушылықтар анықталған. 21 іс ауданаралық соттарға жолданып, 49 құрылыс субъектісіне 28 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Атап айтқанда, тексерулер кезінде құрылыс нормаларының сақталмауы бірнеше аудандарда тіркелген.
Олардың қатарында:

Іле ауданы – Өтеген батыр ауылындағы 72 пәтерлі тұрғын үй мен Көкқайнар ауылындағы амбулатория құрылыстары;

Балқаш ауданы – Жиделі ауылындағы саябақты абаттандыру жұмыстары;

Кеген ауданы – Мойнақ су электр станциясының оқу кешені;

Райымбек ауданы – Сүмбе өзеніндегі су алу және қайта жаңарту нысаны;

Еңбекшіқазақ ауданы – Есік қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің абаттандыру жұмыстары.

Мониторинг нәтижесінде рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген 16 коммерциялық нысанның құрылысы анықталды. Бұл нысандарда мемлекеттік құрылыс нормалары мен бекітілген жобалардан ауытқулар тіркеліп, материалдар сот қарауына жіберілді. Басқарма құрылыс саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету және сапаны арттыру бағытындағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1098657?lang=kk