«Касперский зертханасы» Интерполға Африкадағы киберқылмысқа қарсы күрес операциясын өткізуге көмектесті

«Касперский зертханасы» Интерполға Африкадағы киберқылмысқа қарсы күрес операциясын өткізуге көмектесті

02.11.2026 17:06:51 313

«Касперский зертханасы» Интерполмен бірлесіп, Африка елдерінде киберқылмысқа қарсы жүргізілген Serengeti III операциясына қатысты. Компания киберқауіптер туралы талдамалық мәліметтер ұсынды. Операция барысында 1462 күдікті ұсталып, 105 миллион АҚШ доллары көлеміндегі шығын өтелді.
Serengeti III — 2026 жылғы 29 маусым мен 31 тамыз аралығында өткен осындай үшінші операция. Оған Интерполмен бірге жеке компаниялар, Африканың 20 елінің* және АҚШ-тың құқық қорғау органдары қатысты. Негізгі мақсат — интернеттегі алаяқтықпен, бопсалаушы бағдарламалармен және іскерлік электрондық хат алмасуды бұзу арқылы жасалатын шабуылдармен (BEC**) күресу. Операция барысында шамамен 66 мың зардап шегуші анықталды. Мамандар олардың қаржылық шығынын 385 миллион АҚШ долларына бағалады.
«Касперский зертханасы» Интерполға киберқауіптер туралы ақпарат пен техникалық талдау нәтижелерін ұсынды. Атап айтқанда, ботнеттер мен DDoS-шабуылдарда қолданылатын желілік инфрақұрылым туралы, сондай-ақ Африкадағы пайдаланушыларға бағытталған фишингтік және зиянды сайттар туралы мәлімет берді.
«Киберқылмыс шекараға бағынбайды. Қазіргі технологиялар шабуылдарды бұрын-соңды болмаған ауқымда жасауға мүмкіндік беріп отыр. Serengeti III операциясы халықаралық ынтымақтастықтың қаншалықты маңызды екенін тағы бір көрсетті. Бірлескен жұмыс қылмыскерлерге қарсы күресуге, жоғалған қаражат пен басқа да активтерді қайтаруға және әлемдегі адамдарды киберқауіптерден қорғауға көмектеседі», — дейді Интерполдың киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының директоры Нил Джеттон (Neal Jetton).
«Киберқылмыс шекарадан асып таралады. Сондықтан оған бірде-бір ел де, ұйым да жалғыз қарсы тұра алмайды. Осы себепті „Лаборатория Касперского“ әлемнің түкпір-түкпіріндегі серіктестерімен тығыз жұмыс істеп, киберқауіптер жөніндегі білімі мен тәжірибесін бөліседі. Компаниямыздың Интерпол операцияларына тұрақты қатысатынын мақтан тұтамыз. Жыл сайын киберқылмысқа қарсы бірлескен күрестегі тәжірибемізді толықтырып келеміз», — дейді «Касперский зертханасы» компаниясының жаһандық қоғаммен байланыс жөніндегі вице-президенті Юлия Шлычкова.
Serengeti III операциясының негізгі нәтижелері:
·      Угандада екі елден тыс жерлерде де әрекет еткен алаяқтық топтың қызметі тоқтатылып, 365 шетел азаматы ұсталды. Олар Азия елдеріндегі адамдардың инвестициялық қаражаты мен зейнетақысын жымқыруға бағытталған күрделі интернет-алаяқтық схемаларына қатысы бар деген күдікке ілінді.
·      Анголада криптовалюта өндіретін екі заңсыз орталық жабылып, тоғыз күдікті ұсталды.
·      Нигерияда ауқымды фишингтік науқан мен BEC-шабуылдарды ұйымдастырды деген күдікпен бір адам ұсталды. Қаскөйлер бағдарламалық жасақтамаға кіруге арналған тіркелгі деректерін ұрлап, шамамен 2,1 миллион электрондық пошта мекенжайын жинаған.
·      Нигерияда жүргізілген тағы бір тергеу кезінде құқық қорғау органдары мессенджерлер арқылы таралған халықаралық инвестициялық алаяқтық схемасын тоқтатты. Бір күдікті ұсталды.
Операция кезінде киберқылмыс жасауға пайдаланылған зиянды инфрақұрылымның 11 мыңға жуық нысаны да залалсыздандырылды. Serengeti III нәтижесінде басталған бірнеше тергеу әлі жалғасып жатыр.
* Ангола, Бенин, Камерун, Конго, Кот-д’Ивуар, Конго Демократиялық Республикасы, Эсватини, Габон, Гамбия, Гана, Кения, Мозамбик, Нигерия, Руанда, Сенегал, Оңтүстік Африка, Танзания, Уганда, АҚШ, Замбия және Зимбабве.
** Business Email Compromise (BEC) — қаскөйлер компания қызметкерімен хат алмасып, оның сеніміне кіруге тырысатын шабуыл түрі. Олар қызметкерді компанияның немесе оның клиенттерінің мүддесіне зиян келтіретін әрекетке көндіруді көздейді. Мысалы, өз шоттарына ақша аудартуы немесе құпия файлдарды жіберуді сұрауы мүмкін.