Инженерлік инфрақұрылым кешенді түрде жаңартылуда
04.11.2025 17:20:46 82
Алматы облысында жылыту маусымы барлық аудан мен қалада басталды. Қысқы кезеңге дайындық жүйелі түрде жүргізіліп, инженерлік инфрақұрылымның барлық бағытын қамтыды.
Жөндеу және жаңарту жұмыстары аясында 2,7 шақырым жылу желісі жаңартылып, 18 орталық және 75 модульдік қазандық жөнделді. Сондай-ақ 148 қосалқы станция мен 1 626 шақырым электр желісі жаңғыртылды. Оның ішінде 1 235 шақырымы — «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ есебінен атқарылды.
Халықтың көмірге деген қажеттілігі 696 мың тонна көлемінде айқындалған, соның 275,9 мың тоннасы бүгінде жеткізілді.
Елді мекендерді газдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. 2025 жылы 14 ауылда газ тарту жобалары жүзеге асырылуда. Бүгінде 9 ауылға газ берілді, тағы 10 елді мекен инвесторлар есебінен қосылуда. Жыл соңына дейін өңірдің газдандыру деңгейі 59,5 пайызға жетеді деп жоспарлануда.
Таза ауыз сумен қамту бағытында да ауқымды іс атқарылып жатыр. 11 ауылда модульдік су тазарту кешендері орнатылуда. Жыл қорытындысы бойынша ауыл халқының 99,6 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылмақ.
Инженерлік инфрақұрылымды дамытуға «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясындағы жобалар да серпін беруде. Бағдарлама бойынша 18 жоба іске асырылып, оның бесеуі толық аяқталды, қалғандары жоғары дайындық деңгейінде. Бұл жобалар өндірістік және логистикалық нысандарды газға, суға және электр энергиясына қосуға мүмкіндік беріп, кәсіпкерліктің дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1098835?lang=kk