«Қалқан»: тарих, ерлік және Отанға адал қызметтің 3500-ден астам нөмірі

«Қалқан»: тарих, ерлік және Отанға адал қызметтің 3500-ден астам нөмірі

07.11.2025 09:40:34 177

7 қараша Қазақстанда Әскери журналистер күні ретінде атап өтіледі. Бұл - өз қаламы, камерасы және сөзі арқылы ақпараттық майдан шебінде тұрып, ел қорғандарының күнделікті қызметін және ерлік дәстүрін насихаттайтын жандардың кәсіби мерекесі.

Биыл бұл атаулы күн әскери бұқаралық ақпарат құралдарының тарихындағы маңызды оқиғамен тұспа-тұс келді. Кәсіби мереке қарсаңында Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының ресми басылымы – «Қалқан» газетінің 3500-нөмірі жарық көрді.

Еліміздегі әскери журналистиканың қалыптасуы мен дамуы Ұлттық ұлан басылымының тарихымен тығыз байланысты. 1961 жылы шыққан «На боевом посту» газетінің алғашқы нөмірі қазіргі «Қалқан» газетінің негізін қалады. Содан бері алпыс жылдан астам уақыт бойы әскери тілшілер ұландықтардың қызметі туралы шынайы ақпарат беріп,  бауырластық рух пен әскери дәстүрді сақтап келеді.

Осы жылдар ішінде басылым «Дзержинец», «Қалқан»-«Щит», «Қалқан» деп бірнеше рет атауын өзгертсе де, ұландықтардың күнделікті өмірін, әскери міндетін атқарудағы табандылығын, спорттық жетістіктерін және Отанға адал қызметін кеңінен жариялау сынды газеттің мақсаты мен міндеттері өзгерген жоқ.

Қазіргі уақытта «Қалқан» заманауи мультимедиялық ақпараттық орталыққа айналды. Басылымның жаңа көркемдік стилі, QR-кодтар арқылы толықтырылған материалдар, визуалды репортаждар және интерактивті форматтар контентті көпшілік үшін қолжетімді әрі тартымды етеді.

Редакция Instagram, Aitu, Facebook, TikTok және YouTube секілді әлеуметтік желілерде де белсенді жұмыс жүргізуде. Күн сайын ақпарат айдынында жарияланымдар, сұхбаттар мен деректі бейнематериалдар мыңдаған көрерменге жол тартады. Бұл жас буын арасында әскери қызметке деген құрмет пен қызығушылықтың артуына ықпал етеді.

Газетпен қатар, Ұлттық ұланда тағы бірқатар медиа-жобалар жүзеге асуда. Атап айтсақ «Бүркіт» журналы, «Ұлттық ұлан жаршысы» оқу-әдістемелік жинағы, бейнестудияның деректі фильмдері, сондай-ақ Ұлттық ұлан тарихы мен батырлық шежіресіне арналған кітаптар жарық көреді. Бұл өнімдер әскери борыш пен патриотизмнің жылнамасына айналып үлгерді.

Ұлттық ұланның бейнестудиясы түсіретін деректі және қысқаметражды фильмдер әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалар арқылы көрерменге жол тартып, қоғамның оң көзқарасына ие болуда.

Редакция жүзеге асыратын медиа жобалар жас журналистерге, офицерлерге және сарбаздарға шабыт беріп, ақпараттық дәлдік пен азаматтық жауапкершілік дәстүрін жалғастыруға жол ашады.

Ұлттық ұланның әскери журналистері ақпараттық майданда абыройлы қызмет атқаруда. Олардың қаламы, камерасы және микрофоны – шындықты жеткізетін құрал ғана емес, жауынгерлік рухты және Отан қорғаушысына деген сенімді нығайтатын маңызды күш.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1100686?lang=kk