Алматы облысы: ВИЧ жұқпасының жаңа жағдайлары азайып, тестілеу мен жауапкершілік артып келеді

Алматы облысы: ВИЧ жұқпасының жаңа жағдайлары азайып, тестілеу мен жауапкершілік артып келеді

07.11.2025 12:50:39 151

2025 жылғы 10 қарашадан 10 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасында жыл сайын 1 желтоқсанда аталып өтетін Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне орайластырылған ақпараттық науқан өткізіледі.

2025 жылдың тақырыбы – «АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан – тиімді өзгерістерге». Бұл ұран қоғамның күш-жігерін біріктіруге, жаңа тәсілдерді дамытуға және АИТВ-ның алдын алу мен осы инфекциямен өмір сүретін адамдарды қолдау ісінде жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

Алматы облысында аталған науқан аясында жастар денсаулық орталықтарының мамандары, білім беру ұйымдары, жастар өкілдері, әскери қызметшілер, бизнес құрылымдар және негізгі топтар қатысатын ақпараттық-ағартушылық және профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланады. Науқан шеңберінде конференциялар, телеарна мен радио арқылы тақырыптық эфирлер, сондай-ақ облыстық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығында және аудандық ауруханаларда ашық есік күндері өткізіледі. Онда кез келген азамат мамандардың кеңесін алып, АИТВ-ға тегін және құпия түрде тест тапсыра алады.

Алматы облыстық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығының деректері бойынша, 2025 жылдың 9 айының қорытындысында аурушаңдық көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда 13,3-ті құрады (2024 жылы – 15,8), бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жаңа жағдайлардың 38-ге азайғанын көрсетеді.

Сонымен бірге, халықты АИТВ-ға тестілеу көрсеткіші өсуде. 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша скрининг халықтың жалпы санының 13,5%-ын қамтыды. 2024 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 10,5%-ды құраған. Бұл тестілеудің қолжетімділігі артқанын және тұрғындардың профилактикалық іс-шараларға белсенді қатысып жатқанын дәлелдейді.

Қазіргі таңда АИТВ жұқтыру қаупі жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, материалдық жағдайына немесе дініне қарамастан кез келген адам үшін өзекті болуы мүмкін. Вирус ең жиі жыныстық жолмен беріледі.

Дегенмен, АИТВ инфекциясының алдын алуға болады. Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні қоғамға ақпараттанудың, жауапкершілік танытудың және уақытылы тестілеуден өтудің маңыздылығын еске салуға мүмкіндік береді.

Әрбір азамат АИТВ-ға тегін және құпия түрде тест тапсыра алады. Тестілеу тұрғылықты жері бойынша барлық медициналық ұйымдарда, сондай-ақ Алматы облыстық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығында жүргізіледі.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-densaulyk/press/news/details/1100941?lang=kk