Қазақстан мен АҚШ 17 млрд доллар сомасына келісімдерге қол қойды

Қазақстан мен АҚШ 17 млрд доллар сомасына келісімдерге қол қойды

07.11.2025 13:40:31 262

Вашингтон, 2025 жылғы 6 қараша – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама Штаттарына жасаған сапарының нәтижесінде жалпы құны шамамен 17 млрд АҚШ долларын құрайтын 29 келісімге қол қойылды. Құжаттар өнеркәсіп, энергетика, цифрландыру, білім беру және инновациялар сияқты негізгі салаларды қамтиды. Бұл келісімдер Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, өзара сенімді нығайтуға бағытталды.

Сапардың басты нәтижелерінің бірі – ҚР Индустрия және құрылыс министрлігі, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «АгромашХолдинг KZ» АҚ, «Eurasia Group AG» және «John Deere» компаниясы арасында жалпы құны 2,5 млрд АҚШ долларын құрайтын стратегиялық келісімге қол қойылуы болды. Құжатқа сәйкес Қостанай және Түркістан қалаларында «John Deere» маркалы 3000-ға дейін ауыл шаруашылығы техникасын шығару, үш сервис орталығын салу, кадрларды даярлау жүйесін дамыту және Қазақстанды ТМД елдеріне арналған қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ететін өңірлік хаб ретінде қалыптастыру көзделген.

Тау-кен өнеркәсібі саласында «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы мен «Cove Capital» компаниясы жалпы құны 1,1 млрд АҚШ долларын құрайтын келісімге қол қойды. Жоба Қарағанды облысындағы әлемдегі ең ірі Солтүстік Катпар және Жоғарғы Қайрақты вольфрам кен орындарын бірлесіп игеруді көздейді. Бұл бастама терең өңдеу қуаттарын құрып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге мүмкіндік береді.

Авиация саласында «Air Astana» АҚ және «Boeing» корпорациясы 18 жаңа кең фюзеляжды «Boeing 787-9 Dreamliner» ұшағын жеткізу жөніндегі өзара түсіністік туралы келісімге қол қойды. Бұл компанияға негізгі бағыттар бойынша жолаушылар тасымалдау әлеуетін арттыруға және маршруттық желіні икемді дамытуға мүмкіндік беріп, 2026 жылдан бастап Қазақстанды Еуропа, Азия, АҚШ және Таяу Шығыстың ірі іскерлік және туристік орталықтарымен байланыстыруға жол ашады.

Сонымен қатар ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, «Beeline Қазақстан» және «Starlink» компанияларының қатысуымен үшжақты кездесу өтті. Кездесу барысында «Direct-to-Cell» технологиясын енгізуге бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл серіктестік Қазақстанның бүкіл аумағында, соның ішінде жерүсті байланысы жоқ шалғай өңірлерде де қолжетімді спутниктік байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Зияткерлік мобильділік және экологиялық таза технологиялар саласында Қазақстан «BETA Technologies» және «Joby Aero Inc.» компанияларымен жалпы құны шамамен 300 млн АҚШ долларын құрайтын меморандумдарға қол қойды. Жобалар электр авиациясын, аэротакси және интеллектуалды көлік жүйелерін дамытуға бағытталған.

Қаржы және инвестиция саласында Қазақстан Ұлттық Банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы (NIC NBK) әлемнің жетекші инвестициялық қорларымен – «Brookfield Asset Management», «Cerberus Capital Management» және «Ashmore Investment Advisors Corporation» – шамамен 1 млрд АҚШ долларына тең үш келісім жасасты. Бұл жобалар инфрақұрылымды, жеке капитал мен қарыз нарығын дамытуға бағытталған. Сонымен бірге Ұлттық банк пен «Visa» компаниясы цифрлық төлемдер, киберқауіпсіздік және шағын және орта бизнесті қолдау салаларында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат «Ұлттық төлем карталары» АҚ базасында Құзыреттер орталығын құруды көздейді.

Білім және ғылым саласында «Arizona State University», «Colorado School of Mines», «Coursera, OpenAI», «Freedom Group Inc.» және басқа серіктестермен жалпы құны шамамен 50 млн АҚШ долларын құрайтын келісімдерге қол қойылды. Бұл бастамалар Жезқазғанда Ұлытау техникалық университетін құруды, қос дипломдық бағдарламаларды дамытуды, оқу үдерісін цифрландыруды және «ChatGPT Education» негізінде инновациялық шешімдерді енгізуді қамтиды.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен АҚШ-тың «Educational Testing Service» (ETS) халықаралық ұйымы ұлттық тестілеу жүйесін жасанды интеллект пен адаптивті оқыту технологияларын қолдану арқылы жаңғыртуға бағытталған жол картасына қол қойды.

Өнеркәсіп және медицина салаларында «Самұрық-Қазына» АҚ және «Ashmore Investment Advisors» компаниясы жалпы құны 150 млн АҚШ долларын құрайтын жобаны іске асыратынын хабарлады. Бұл жоба Қазақстандағы алғашқы халықаралық брендті көпсалалы клиниканы құруды көздейді, ол өңірлік заманауи медицина хабына айналмақ.

Сонымен қатар «1Thirty Holding» (AsiaColor) және «Business Council for International Understanding» (BCIU) арасында 130 млн АҚШ долларына тең меморандумға қол қойылды. Жоба АҚШ-та ұнтақ жабындары мен полиэфирлі шайырлар өндіретін вертикалды интеграцияланған химия кешенін салуды көздейді. Бұл – Қазақстанның АҚШ-тағы алғашқы өнеркәсіптік инвестициялық жобасы.

Жалпы, сапар аясында қол қойылған құжаттар Қазақстан мен АҚШ арасындағы жоғары деңгейдегі сенімді және стратегиялық серіктестіктің инновациялар, инвестициялар және орнықты даму бағытындағы тереңдеуін айқын көрсетті.

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1100966?lang=kk