Пан Ги Мунға Астанада өтетін Өңірлік климат саммитіне шақыру табысталды

Пан Ги Мунға Астанада өтетін Өңірлік климат саммитіне шақыру табысталды

07.11.2025 15:50:29 52

Сеул, 2025 жылғы 30 қазан – Қазақстан Елшісі Нұрғали Арыстанов 2025 жылғы «Global Green Growth Week» апталығы аясында БҰҰ-ның 8-Бас хатшысы, Жаһандық жасыл өсім институтының (GGGI) Төрағасы Пан Ги Мунмен кездесті.

Сұхбат барысында тараптар жасыл даму саласындағы ынтымақтастық перспективалары жөнінде пікір алмасты. Елші Арыстанов Пан Ги Мунға екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде Қазақстанда өткізілетін іс-шараларға белсенді қатысу арқылы қосқан маңызды үлесі үшін ризашылығын білдірді.

Осыған орай дипломат Пан Ги Мунға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан 2026 жылғы сәуір айында Астанада БҰҰ агенттіктерінің қолдауымен өтетін Өңірлік климат саммитіне қатысуға ресми шақыруды табыс етті.

Пан Ги Мун Қазақстанның Мемлекет басшысы жүзеге асырып отырған белсенді халықаралық қызметін жоғары бағалады.

Тараптар ынтымақтастықты, соның ішінде GGGI аясындағы өзара іс-қимылды нығайту мақсатында диалогты жалғастыру жөнінде уағдаласты. Қазақстан 2022 жылғы желтоқсаннан бастап GGGI ұйымының мүшесі болып табылатынын атап өткен жөн.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-seoul/press/news/details/1101073?lang=kk