Қызылорда инвестициялық әлеуетін Швейцарияда таныстырды

Қызылорда инвестициялық әлеуетін Швейцарияда таныстырды

08.11.2025 08:01:13 115

Берн, Женева, 3-7 қараша - Қазақстан Республикасы Қызылорда облысы делегациясы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың жетекшілігімен Швейцариялық Конфедерацияға жұмыс сапарымен барды. Сапардың негізгі мақсаты – өңірдің инвестициялық және туристік әлеуетін таныстыру, кантон басшылығы және швейцариялық бизнес өкілдерімен тікелей байланыстар орнату, сондай-ақ өңіраралық және мәдени ынтымақтастықты дамыту.

Сапар барысында делегация Берн және Женева кантондарының басшылығымен, Женевадағы сауда-саттық және өнеркәсіп палатасы (CCIG) директоры, сондай-ақ Harvest Group, INOKS Capital, Rey Group / Swiss Choice Holding, Laufen (Roca Group), GWF, RBL Group және Kanadevia Inova сияқты жетекші швейцариялық компаниялар мен кәсіпорындардың топ-менеджерлерімен кездесулер өткізді.

Швейцариялық тарап ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін білдірді. Келіссөздер қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік дамуды жетілдіру, санитарлық-техникалық өнімдер өндірісін локализациялау, су және энергетикалық ресурстарды есепке алу тиімділігін арттыру, сондай-ақ қалдықтарды энергияға айналдыру (Waste to Energy) технологияларын енгізу мүмкіндіктері қаралды.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы Декларацияның 35 жылдығы аясында Берн және Женева қалаларында Қызылорда облыстық филармониясының концерттері ұйымдастырылды. Бұл шаралар екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға және Қазақстанның оң имиджін қалыптастыруға маңызды үлес қосты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-bern/press/news/details/1101410?lang=kk