Елімізде келесі жылдан бастап «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы іске қосылады
11.11.2025 17:20:34 47
Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы шеңберінде экономиканың басым бағыты бойынша жобалар пулын қалыптастыру мәселесі талқылады.
«Инвестицияға тапсырыс» – халық арасында сұранысқа ие, көбі импортқа шығарылатын тауарларды өндіру үшін ШОБ және жеке сектордағы ірі бизнестің инвестициялық жобаларын қолдауға арналған мемлекеттік жаңа бағдарлама. Бұл – негізінен АӨК және өңдеу өнеркәсібі саласының тұтыну тауарлары. Мемлекет импортты алмастыру және экспортқа тауар өндіру әлеуеті жоғары перспективалық салаларды, ал өңірлер оларды жүзеге асыруға қабілетті нақты жобалар мен бизнесті айқындайды. Жобалардың тиімділігін талдау және оларды қаржыландыру «Бәйтерек» холдингінің құралдары мен тетіктері арқылы жүргізілмек.
«Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерімен бірлесіп, өңірлердің өндірістік әлеуетіне талдау жүргізілді. АӨК жобалары бойынша инвестициялық портфель қалыптастырылып, оған жалпы құны 4,3 трлн теңгені құрайтын 202 жоба енді», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.
АӨК саласының «Инвестицияға тапсырыс» шеңберіндегі жобалар пулына тауарлы сүт фермаларын салуды жалғастыру, етті мал шаруашылығы мен құс шаруашылығын дамыту, сүт, ет, тері және жүн өңдеу, жылыжай салу, көкөніс, жеміс-жидек пен картопты қайта өңдеу, қант өнеркәсібі мен астықты терең өңдеуді дамыту, балық өңдеу кәсіпорындарын құру кіреді. Осылайша, «Инвестицияға тапсырыс» нақты жобаларға және әрбір сала тиімділігіне назар аудара отырып, еліміздің импортқа тәуелділігін төмендету бойынша бұрынғы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың жалғасына айналады.
Атап айтқанда, қант импортына тәуелділікті төмендету үшін «QAZAQARAB SUGAR» ЖШС және «Asyl Farms» ЖШС қант өндіру бойынша 5 жоба жоспарланып отыр. Құс еті бойынша – 24 жоба ( «AITAS KZ» АҚ, «Eco Broiler Ltd» ЖШС және басқалары), шұжық өнімдерін өндіру бойынша – «СТЕРХ» ЖШС және «С-Болашақ» ӘКК-тің 3 жобасы. Астықты терең өңдеу бойынша «Tiryaki Holding» түрік компаниясы Астанада астық және бұршақ дақылын терең өңдеу бойынша интеграцияланған агроөнеркәсіп кешенін салу жобасын жүзеге асыруда. Өңдеу қуаты – 240 мың тонна бидай мен 80 мың тонна бұршақ. Жобаның құны – $320 млн, жүзеге асыру мерзімі – 2028 жылға дейін.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков импортқа тәуелділігі жоғары тұтыну тауарларының 26 түрінің тізбесін ұсынды. Олардың қатарында мақта маталар, мектеп формасы, аяқ киім, сантехника, тұрмыстық техника, косметика және гигиена құралдары бар. Осы бағыттар бойынша 10 мыңға жуық жұмыс орнын аша отырып, 600 млрд теңгеден астам сомаға 67 инвестициялық жобадан тұратын портфель қалыптастырылды. Негізгі бастамалардың қатарында Түркістан облысында мақта маталар өндірісі, Қызылорда облысында сантехника, Қарағанды облысында жылу оқшаулағыш материалдар, Солтүстік Қазақстан облысында ДСП және ЛДСП өндірісі бар.
Жеңіл өнеркәсіпті ынталандыру үшін салықтық жеңілдікті қолдану бойынша ұсыныстар талқыланды. Барлық жоба экономикалық орындылығы мен инвестициялық тартымдылығын бағалау үшін «Бәйтерек» холдингінің желісі бойынша сараптамадан өтеді. Қаржыландыру Холдингтің еншілес ұйымдары және қажет болған жағдайда екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылады.
Инвесторларды іріктеу қаржылық тұрақтылық, салалық тәжірибе және өндірісті локализациялау деңгейін ескере отырып жүргізіледі.
Қорытындылай келе, Серік Жұманғарин мемлекеттік органдарға бағдарламаны іске қосу үшін барлық ұйымдастырушылық-құқықтық рәсімдерді жылдам аяқтауды, сондай-ақ өңірлермен және бизнеспен бірлесіп, нақты жобаларды белсенді пысықтауды тапсырды.
«Бағдарламаның мәні қарапайым және түсінікті. Біз жаздан бастап оның барлық бағытын пысықтаудамыз. Қазір практикалық іске асыру кезеңі жүріп жатыр. Солтүстік Қазақстан облысының тауарлы сүт фермаларын салу бойынша тәжірибесін тарату жобасы басталған кезде көпшілік күмәнданған болатын. Ал қазір барлығы қаржыландыру сұрайды. Бірақ ресурстар шектеулі – қаражат нақты жұмыс жүргізіліп жатқан және өміршең жобалар бар аймақтарға бөлінеді», — вице-премьер.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-ekonomika-zhosparlau/press/news/details/1103134?lang=kk