Түркияда Тәттімбет Қазанғапұлының 210 жылдығы тойланды

Түркияда Тәттімбет Қазанғапұлының 210 жылдығы тойланды

11.11.2025 20:11:14 135

Анкара, 2025 жылғы 11 қараша – Елшілік пен Халықаралық Түркі мәдениеті ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен Анкарада Тәттімбет Қазанғапұлының 210-жылдығы тойланды.

Анкараның Етимесгут ауданында орналасқан ескерткішіне гүл қою рәсімінен кейін Халықаралық Түркі мәдениеті ТҮРКСОЙ ұйымы ғимаратында мәдени кеш өтті.

Жиынға ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстанның бұрынғы мәдениет министрі, бұрынғы ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркі әлемі архитекторлер және инженерлері ұйымының Бас хатшысы Ілияс Демирджи, дипломатиялық корпус, Анкарадағы қазақ диаспорасы және қазақ өнерінің жанашырлары қатысты.

Өз сөздерінде С.Раев: «Тәттімбеттің музыкасы – Түркі дүниесінің ортақ мәдени мұрасы» екенін айтып, Тәттімбеттің барша түркі әлемінің өнеріне қосқан үлесін назарға салды. Д.Қасейінов «Тәттімбет Қазанғапұлы тек күй шебері ғана емес, халқының жанын, тарихы мен сезімін домбыра арқылы жеткізген ұлы өнер иесі» екенін жеткізсе, Елші Е.Сәпиев «Бүгінгі кеш - тек музыкалық шара емес, бұл - рухани сабақтастықтың, ұлттық өнерге деген құрметтің, бабадан қалған аманатты дәріптеудің мерекесі» деді.

Іс-шарада Қазақстанның танымал өнер шеберлерінің бірі, Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай мен «Қазақконцерт» солисі, жас өнерпаз Қайрат Айтбаев өнер көрсетті.

Бағдарлама аясында Қазақстандағы Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық өнер университетінде жас таланттарды тәрбиелеп, дәстүрлі «шертпе күй» өнерін табысты жалғастырып келе жатқан белгілі өнер шебері, профессор Жанғали Жүзбай қазақ халық музыкасына және Түркі дүниесінің мәдениетіне қосқан үлесі үшін ТҮРКСОЙ медалімен марапатталды.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ankara/press/news/details/1103238?lang=kk