Қазақстан ЮНЕСКО-ның 43-ші Бас конференциясына белсенді қатысты
13.11.2025 16:11:09 88
Самарқанд, 2025 жылғы 13 қараша – Қазақстан делегациясы ЮНЕСКО-ның 2025 жылғы 30 қазан мен 13 қараша аралығында Самарқандта өтіп жатқан 43-ші Бас конференциясына қатысуын аяқтау үстінде. 180 жуық мүше-мемлекеттен 4500-ден астам өкіл жинаған іс-шара Ұйымның білім, ғылым, мәдениет, ақпарат және коммуникациялар салаларындағы халықаралық ынтымақтастығының стратегиялық басымдықтарын айқындаған аса ірі оқиға болды.
Қазақстан Бас конференция бюросына сайланды әрі ЮНЕСКО-ның 2025-2029 жылдарға арналған Үкіметаралық гидрологиялық бағдарламасы кеңесінің құрамына қайта енді. Сондай-ақ Қазақстан Дүниежүзілік мұра туралы конвенцияға қатысушы мемлекеттердің 25-ші Бас ассамблеясының вице-президенті болып сайланды (2023-2027 жж. Дүниежүзілік мұра комитеті құрамындағы жұмысы жалғасқан жағдайда), ол еліміздің ЮНЕСКО жұмысына белсенді қатысушы және сенімді серіктес ретінде танылғанын айқындайды.
Бірқатар қарарлар мен бастамаларға авторлық және тең авторлық жасаған Қазақстан конференцияның нәтижелілігіне айтарлықтай үлес қосты.
Қазақстанның бастамасы бойынша және 70 мемлекет тең авторлық жасаған «ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиялармен және олардың арасындағы ынтымақтастықты нығайту туралы» қарардың қабылдануы басты жетістіктердің біріне айналды. Құжат Ұлттық комиссиялардың ЮНЕСКО мандатын іске асырудағы орталық рөлін айқындап, олар мен Ұйым хатшылығы, мемлекеттік құрылымдар, кәсіби қауымдастықтар мен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтудің нақты шараларын бекітіп берді.
Бас конференцияның 31 қазандағы пленарлық отырысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Ерлан Қарин сөз сөйледі. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары жайлы айтып, цифрландырудың, білім мен инновацияның орнықты дамудағы маңыздылығын атап өтті. ЮНЕСКО-ның жасанды интеллектті қолданудың этикалық қағидаттарын ілгерілетудегі жетекші рөлі және осы тақырып бойынша ЮНЕСКО әдістемесі («Readiness Assessment Methodology – Дайындықты бағалау әдістемесі») негізінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан кешенді зерттеу туралы ерекше айтылды.
Е.Қарин ЮНЕСКО Бас директоры Одрэ Азулемен кездесіп, оған Қазақстан мен Ұйым арасындағы көпжылғы нәтижелі ынтымақтастық үшін алғыс білдірді. Серіктестікті нығайтуға қосқан үлесі үшін оған Қазақстан Президентінің шешіміне сәйкес берілген ІІ дәрежелі «Достық» орденін табыстады.
4 қарашада Қазақстан делегациясы Түркі мәдениеті және мұрасы қорының жаңа басылымдарының, атап айтқанда, «Түркі әлемінің мәдени коды» каталогы және «Түркі фольклорының мұрасы» антологиясының Бас конференция алаңында өткен тұсаукесеріне қатысты. Іс-шара шеңберінде ЮНЕСКО-ның 43-ші Бас конференциясының қарарымен бекітілген Түркі тілдерінің дүниежүзілік күні салтанаты өтті, ол күн жыл сайын 15 желтоқсанда, көне түркі жазуының ең ежелгі ескерткіші – Орхон жазбаларының мазмұны оқылған күні аталып өтетін болды. Бұл шешім түркі халықтарының әлемдік мәдени және тілдік әртүрлілікке қосқан үлесін мойындаудың нышанына айналды. Қазақтың «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі шара барысында қазақ, қырғыз, әзербайжан, өзбек, түрік, түрікмен және мажар тілдерінде орындаған тамаша музыкалық бағдарламасы ЮНЕСКО Бас конференциясы делегаттарының көңілінен шықты.
Қазақстан Бас конференцияның Көшпенділер мұрасының халықаралық күнін жариялау туралы қарарының тең авторы болды. Ол көшпенді халықтардың әлемдік мәдени мұраға қосқан елеулі үлесінің мойындалғаны ретінде жыл сайын 22 қыркүйекте – табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікті бейнелейтін күн мен түннің күзгі теңелуі уағында аталып өтетін болды.
ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов жоғары білім саласындағы Біліктіліктерді тану жөніндегі жаһандық конвенцияға арналған сессияда сөз сөйлеп, академиялық ұтқырлық пен ғылыми алмасуды, сондай-ақ Қазақстанның ЮНЕСКО білім беру бастамаларына белсенді қатысуын одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Бас конференция 2026-2027 жылдары ЮНЕСКО-ның қатысуымен аталып өтетін мерейтойлар тізімін бекітті. Қазақстан тарапынан бұл тізімге әйгілі опера әншісі Ермек Серкебаевтың және көрнекті кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдық мерейтойлары енді.
Бас конференция 6 қараша күні Мысырдың бұрынғы туризм және ежелгі мұра министрі Халед әл-Энаниді ЮНЕСКО-ның жаңа Бас директоры етіп сайлады. Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Әбдірахманов оған еліміздің басшылығы атынан жолданған құттықтау хатты табыс етіп, конструктивті ынтымақтастықтың одан әрі нығая беретініне сенім білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1104712?lang=kk