Қазақстан мен Чехия діни диалог саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда
14.11.2025 08:00:42 76
Прага, 2025 жылғы 13 қараша – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов бастаған қазақстандық делегация 2025 жылғы 12-13 қарашада Прагада өткен Дін және наным-сенім бостандығы жөніндегі Альянстың жоғары деңгейдегі халықаралық конференциясына қатысты.
Чех Республикасының Президенті Петр Павелдің қолдауымен өткен іс-шара әлемнің әр түкпірінен діни қауымдар мен конфессиялардың өкілдерін біріктірді.
Конференция бағдарламасына, басқа да іс-шаралармен қатар, «Еуразиядағы діни бостандық: өзгермелі өңірдегі діни еркіндік пен тұрақтылық» тақырыбындағы панельдік сессия енгізілді. Оған Грузия, Қазақстан, Молдова және Өзбекстан өкілдері қатысты. Өз сөзінде Қ.Ысқақов көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстан қоғамындағы келісім моделінің мазмұны мен ерекшеліктерін таныстырды. Бұл модельдің негізі қазақ халқының бай тарихи-мәдени мұрасынан бастау алатыны атап өтілді. Сонымен бірге, Қазақстанның халықаралық деңгейде дінаралық диалогты ілгерілету жөніндегі жұмыстары да көрсетілді. Атап айтқанда, делегация басшысы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің 20 жылдан астам тарихында төзімділік, өзара түсіністік және конфессиялар арасындағы толеранттылықты ілгерілетудің жаһандық алаңына айналғанын мәлімдеді.
Биыл Чех Республикасы Съезд жұмысына алғаш рет қатысып, өз атынан холокост мәселелері, дінаралық диалог және діни бостандық жөніндегі арнайы өкіл Роберт Ржехакты жіберді. Чеш өкілі Съезддің әртүрлі дін өкілдерін бір үстелге жинаған бірегей платформа ретіндегі маңызын ерекше атап өтті.
Конференция делегаттары діндер мен конфессиялар арасындағы диалогтың адамзаттың тұрақты дамуы үшін аса маңызды шарт екендігін тағы да қуаттады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-prague/press/news/details/1105090?lang=kk