Мемлекеттік басқару академиясында фискалдық және монетарлық саясаттағы жаңа тәсілдер талқыланды
14.11.2025 08:00:46 88
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Қаржыгер күніне орай "Қазақстан Республикасының фискалдық және монетарлық саясатындағы жаңа тәсілдер" атты дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шара "Экономист"пікірталас клубының алаңында сараптамалық сессия форматында жүргізілді.
Оған ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин, ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, ҚР Ұлттық Банкінің ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалин, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының талдау және есептілік департаментінің директоры Нұрлан Төренов, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ директорлар кеңесінің төрағасы Жақсыбек Күлекеев, қаржы талдаушысы Расул Рысмамбетов, "Астана" халықаралық университетінің профессоры Серік Жұмабаев, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, сараптамалық және ғылыми қоғамдастық өкілдері, Академия магистранттары мен докторанттары қатысты.
Қатысушылар бюджеттік ережелерді жетілдіру және ұзақ мерзімді жоспарлау мәселесін қарастырды. Осы тақырыпта ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин баяндама жасады.
Ол осы жылғы наурызда жаңа Бюджет кодексіне қол қойылғанын еске салды. Оны әзірлеу алдында 2008 жылғы Кодекстің Халықаралық валюта қорының стандарттарына сәйкестігі сарапталды.
"Халықаралық мамандардың ұсынысын жаңартылған Бюджет кодексіне негіз етіп алдық. Оның нормалары 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру мен дамудың он жылдық болжамын әзірлеу кезінде қолданылған болатын. Шығыстардың өсу қарқыны экономиканың әлеуетімен және инфляцияның мақсатты деңгейімен тығыз байланысты: бюджеттік ережелер бойынша олар 2026 жылы 108,7%, 2027 жылы 109,1% және реформаға дейінгі 121%-ға қарсы 2028 жылы 109,3%. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт 2026-2028 жылдары жыл сайын 2,77 трлн теңге деңгейінде тіркелді. Нысаналы трансфертті тарту көзделмейді", - деді Азамат Әмрин.
Ол мақсатты трансферттерден бас тарту бюджет түсімдерінің өсуін қамтамасыз ететін және Ұлттық қор қаражатына тәуелділікті төмендететін жаңа Салық кодексінің арқасында мүмкін болғанын атап өтті. Бұл ретте бюджеттік саясат мемлекеттік борыш бойынша белгіленген шектеулерді сақтай отырып құрылады.
2026 жылғы республикалық бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге 2,5% деңгейінде жоспарланып, 2028 жылы кезең-кезеңімен 0,9% - ға дейін төмендетілген. Бір мезгілде даму бюджетінің өсуі көзделген: оның көлемі 2025 жылы 2,0 трлн теңгеден 2026 жылы 2,9 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл қаражат мемлекеттік органдар мен өңірлердің даму жоспары, сондай-ақ олардың экономикалық өсуге қосқан үлесі негізінде іріктелетін басым жобаларға бағытталады.
Бюджетті орындау тәсілі өзгертілді. Егер бұрын қаражатты толық игеру негізгі міндет болса, енді нақты нәтижеге қол жеткізуге және тиімділігін бағалауға назар аударылады.
Игерілмеген қаражатты келесі қаржы жылының басынан бастап бюджетті нақтыламай пайдалану мүмкіндігі енгізілді. Бұл қаржыны басқарудың икемділігі мен жеделдігін арттырады.
Сонымен қатар, бюджет қаражатының өтімділігін басқару құқығы берілген қазынашылық мәртебесі көтерілді. Енді жергілікті бюджеттер мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының бос қалдықтарын сол жыл ішінде қайтарумен уақытша тартуға болады.
Бірінші вице-министр атап өткендей, барлық қабылданған шаралар мемлекеттік қаржының тұрақтылығын арттыруға, бюджеттік процестің ашықтығына және мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1105088?lang=kk