Сеулде Маңғыстау облыстық филармониясының концерті өтті
14.11.2025 09:10:32 108
Сеул, 2025 жылғы 30 қазан – Сеулде «Қазақстан – Ұлы дала сарыны» концерттік бағдарламасы өтті. Іс-шараға мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, Кореяның мәдени және іскер топтарының өкілдері, сондай-ақ шетелдік қонақтар қатарынан 230-дан астам адам қатысты.
Қазақстан Елшісі Нұрғали Арыстанов құттықтау сөзінде мәдениет Қазақстан мен Корея халықтарын жақындастыратын достық пен өзара түсіністіктің негізгі көпірлерінің бірі екенін атап өтті. Ол «бүгінгі кеш – Қазақстан рухын әуен, қимыл және шығармашылық арқылы жеткізетін музыка, би және сән мерекесі. Мәдениет шекара танымайды. Ол бізді біріктіріп, сенім қалыптастырып, халықтар арасындағы байланыстарды нығайтады» деп атап өтті.
Елші сондай-ақ Қазақстан мен Кореяның гуманитарлық қана емес, саяси, парламенттік, өңірлік және экономикалық бағыттар бойынша да ынтымақтастықты белсенді дамытып келе жатқанын айтты. Туризм саласы да тұрақты өсім көрсетуде. Корея азаматтары Қазақстанның Алматы, Астана және Шымкент қалалары сияқты тікелей әуе қатынасы бар бағыттарды көбірек таңдай бастады. 2025 жылы да оң динамика сақталуда: қаңтар–шілде айларында Кореяға 37 737 Қазақстан азаматы барып, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,4% өсімді, ал Қазақстанға 17 202 Корея азаматы келіп, бұл көрсеткіш 28% артқанын көрсетті. Бұл екі ел арасындағы өзара қызығушылық пен туристік алмасудың тұрақты дамып келе жатқанын айғақтайды.
Сахнада Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының Абыл Тарақұлы атындағы халық аспаптар оркестрі мен «Жорға» би ансамблі өнер көрсетті. Сонымен қатар ұлттық дәстүр мен заманауи стильді үйлестірген «Тәрбия» бренді өзінің сән коллекциясын ұсынды.
Өнер шеберлері қимыл мен әуен арқылы дала рухын, қазақ халқының мақтанышы мен жан жылуын жеткізе отырып, қазақ хореографиясының байлығын көрермендерге паш етті.
Іс-шара аясында тұрмыстық бұйымдардың көрмесі ұйымдастырылып, былғары өңдеу, зергерлік өнер, киіз бұйымдары және сүйек ою шеберлері өз жұмыстарын ұсынды.
Кеш қонақтары концертті жоғары бағалап, Қазақстанның бай мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік туғызғаны үшін алғыс білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-seoul/press/news/details/1105110?lang=kk