Қазақстан Өзбекстанмен ынтымақтастықты тереңдету үшін АӨК өнімдерінің экспортын 14,5 млн тоннаға дейін ұлғайтады

Қазақстан Өзбекстанмен ынтымақтастықты тереңдету үшін АӨК өнімдерінің экспортын 14,5 млн тоннаға дейін ұлғайтады

14.11.2025 16:10:30 161

2025 жылдың 13 қарашасында Ташкент қаласында Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжанның Сауда және инвестициялар министрлері кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының атынан ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қатысты.

Министр өз сөзінде Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азиядағы экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші екенін алға тартты. Бүгінде екі елдің үлесіне өңірішілік өзара сауданың шамамен 80 пайызы тиесілі. Биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 3,4 млрд АҚШ долларына жетіп, 18 пайыздан астам өсім көрсетті. Арман Шаққалиев бұл нәтижелер Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері, сондай-ақ іскер топтар арасында қалыптасқан тұрақты ынтымақтастықтың тиімділігін дәлелдейтінін атап өтті.

Министр тараптар алдына қойылған стратегиялық міндет – өзара сауданы 10 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту екенін жеткізді. Бұл мақсатқа жету үшін дәстүрлі шикізат саудасынан бірлескен өндірістерді дамытуға, өнеркәсіптік кооперацияны күшейтуге және жоғары қосылған құнды экспорттық тізбектер қалыптастыруға көшу қажеттігін алға тартты. Бүгінде Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен 2400-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді, олардың ішінде 500-ге жуық кәсіпорын бірлескен компаниялар. Екіжақты ынтымақтастықтың инвестициялық портфелі жалпы құны 1,7 млрд АҚШ долларынан асатын 78 жобаны қамтиды. Соның ішінде 13 жоба 220,9 млн АҚШ доллары көлемінде сәтті іске асырылған.

Арман Шаққалиев агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытына ерекше тоқталды. Қазақстан Өзбекстанмен бірлесіп толық өндірістік тізбектер құруды – бордақылау алаңдарын ұйымдастыруды, ет және сүт өнімдерін қайта өңдеуді, май-тоң май саласын дамытуды, сондай-ақ шекара маңында агрокластерлер қалыптастыруды ұсынды.

Қазақстан тарапы көлемі шамамен 14,5 млн тоннаны құрайтын агроөнеркәсіптік өнімдердің экспорттық қоржынын кеңейтуге дайын екенін атап өтті. Бұл қоржынға дәнді және бұршақ дақылдары, майлы дақылдар, ұн және өсімдік майы кіреді. Осындай бастамаларды іске асыру азық-түлік қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, бірлескен өнімді Қытай, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия нарықтарына шығару мүмкіндігін кеңейтеді.

Сондай-ақ тараптар үшін басым бағыттардың бірі - көлік-логистикалық ынтымақтастық. Қазақстан мен Өзбекстан транзиттік дәліздерді дамытуды өңірлік сауданы нығайтудағы стратегиялық фактор ретінде қарастырады. Өткен жылы Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы Қазақстан аумағымен тасымалданған жүк көлемі шамамен 2,8 млн тоннаны құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 35 пайызға артты. Қазақстандық тарап тарифтік саясатты үйлестіруді, логистикалық процестерді цифрландыруды жеделдетуді, инфрақұрылымды жаңғыртуды және «қағазсыз сауда» тетіктерін енгізуді ұсынды. Бұл шаралар бизнес шығындарын азайтып, көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыруға бағытталған.

Министр цифрлық трансформация саласындағы ынтымақтастықты да ерекше атап өтті. Қазақстан IT саласының даму қарқыны бойынша өңірде жетекші орынға ие. IT-қызметтердің экспорты 2020 жылғы 50 млн АҚШ долларынан 2024 жылы 600 млн АҚШ долларына дейін өсті. Цифрлық экожүйенің дамуына 30 елден 1300-ден астам IT-компанияны біріктіретін Astana Hub халықаралық технопаркі айтарлықтай үлес қосып отыр. Ел жасанды интеллект технологияларын белсенді дамытуда: ұлттық Alem.AI кластері құрылды, биометриялық цифрлық идентификатор жүйелері енгізілді. Қазақстандық Biometric.Vision және Alaqan Technologies компаниялары биометрия және цифрлық сәйкестендіру саласындағы инновациялық шешімдерімен халықаралық нарыққа шығуда. Министрдің айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы цифрлық интеграция сауда операцияларын жеделдетіп, тауарлар мен адамдардың қозғалысын жеңілдетуге, сондай-ақ мемлекеттік және бизнес-сервистер үшін бірыңғай цифрлық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Министрлер кеңесінің отырысынан кейін делегациялар Бостандық ауданындағы Chimgan Resort кешенінде «Шекарасыз ынтымақтастық» ұранымен өткен «Great Silk Road Business Cooperation Forum – 2025» халықаралық форумына қатысты. Форумға өңірдің алты елінен министрліктердің, сауда палаталарының және ірі компаниялардың өкілдері қатысып, кооперация, логистика және инвестициялар саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Қазақстаннан форумға ұлттық оператор QazTrade басшылығымен ұйымдастырылған бизнес-миссия құрамында шамамен 50 компания қатысты.


Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1105615?lang=kk