Ұландықтар дзюдодан Қазақстан чемпионатында жүлдегер атанды

Ұландықтар дзюдодан Қазақстан чемпионатында жүлдегер атанды

15.11.2025 12:20:54 109

9–13 қараша аралығында Абай облысының Семей қаласында ересектер арасында дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтті. Ауқымды додаға еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар үш қаладан 600-ден астам спортшы қатысты. Жарысқа Ұлттық ұлан әскери қызметшілер де қатысып, бірқатар салмақ дәрежелерінде жүлделі орындар иеленді.

66 кг салмақ дәрежесінде Ұлттық ұланның спорттық командасының өкілі — 6636 әскери бөлімінің спорт командасы орталығының аға нұсқаушысы, аға маманы қатардағы Бауыржан Нарбаев көзге түсті. Ол қарсыластарынан техникалық тұрғыдан басым болып, 1-орынды қанжығасына байлады.

- Чемпионаттағы жеңіс - үлкен еңбектің нәтижесі. Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығына және спорттық командаға қолдау мен сенім білдіргені үшін алғыс айтамын. Әсіресе күн сайын еңбегін аямайтын жаттықтырушыларыма және әрдайым жанымнан табылатын қарулас жолдастарыма рахмет. Бұл медаль - тек менің емес, бәріміздің жеңісіміз. Алдағы уақытта да лайықты нәтижелер көрсетіп, Ұлттық ұланның абыройын асқақтатуға тырысамын», - деді Бауыржан Нарбаев.

+100 кг салмақ дәрежесінде 2-орынды 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшісі қатардағы Санжар Жабборов иеленді. Бұл нәтижесі оған Қазақстанның дзюдо бойынша ұлттық құрамасының мүшесі атануға мүмкіндік берді. Бұл жас спортшы үшін ғана емес,  әскери бөлімнің спорттық команда ұжымы үшін зор жетістік.

73 кг салмақ дәрежесінде 3-орынды 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшісі қатардағы Мәді Жеткерген жеңіп алды. Ол жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жеңіске деген ерік-жігерін дәлелдеді.

Құқықтық тәртіп әскері спортшыларының бұл жеңістері Ұлттық ұландағы спорттық дайындықтың жоғары деңгейін көрсетіп қана қоймай, елімізде дзюдоның дамуына да өз үлесін қосып отыр.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1106028?lang=kk