Орталық Азия мен Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері өңірде ынтымақтастықты нығайтуға бейілділігін растады

Орталық Азия мен Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері өңірде ынтымақтастықты нығайтуға бейілділігін растады

18.11.2025 19:40:22 60

Брюссель, 2025 жылғы 18 қараша – Бүгін Брюссельдегі Қазақстан Елшілігінің ғимаратында Орталық Азиядағы демографиялық тұрақтылықты нығайту, гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара БҰҰ-ның Халық қоныстану қоры (UNFPA) және гендерлік теңдік пен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі БҰҰ Бағдарламасымен (UN Women) бірлесіп ұйымдастырылды және тараптардың Орталық Азияда көрсетілген бағыттар бойынша өзара іс-қимылды тереңдетуге бейілділігін растады.

Өңір елдерінің елшілері мен дипломаттары, UNFPA мен UN Women өкілдері, сондай-ақ Еуропалық Одақ институттарының қатысуымен өткен дөңгелек үстел Орталық Азиядағы БҰҰ рөлі мен қызметін, демография және гендерлік теңдік саласындағы өңірлік саясаттардың үйлесімділігін арттыруды, сондай-ақ адами капиталға, теңдікке және инклюзивті өсуге стратегиялық инвестициялардың ортақ көзқарасын қалыптастыруды талқылауға мүмкіндік берді.

ҚР-ның Брюссельдегі Елшісі Р. Василенко демографиялық тұрақтылықты ілгерілету саласындағы Қазақстан тәжірибесімен бөлісе отырып, қатысушыларды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен еліміз ұлттық стратегияның өзегіне адамды қоятыны, адами капиталды экономикалық өсудің негізгі тірегі ретінде танитыны жөнінде хабардар етті: «Үкіметтің мақсаты – қазіргі демографиялық үрдістерді бәсекелік артықшылықтарға айналдыру».

Елші атап өткендей, UNFPA қолдауымен Қазақстан ұлттық демографиялық деректер жүйесін нығайтты және деректерге негізделген шешімдер қабылдау тәжірибесін кеңейтті. Қазақстанның демографиялық саясаты инклюзивті сипатқа ие, әйелдер, жастар, мүмкіндігі шектеулі адамдар және егде жастағы азаматтардың қажеттіліктері мен қоғамдағы шынайы жағдайларын ескереді.

Сонымен қатар, UNFPA және UN Women қолдауымен Қазақстан гендерлік теңдікті ілгерілетуде және зорлық-зомбылықпен күресте айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Қазақстандағы БҰҰ агенттіктерімен бірлесіп, діни ұйымдар мен қоғам қайраткерлері бұл мәселелерді ілгерілетуге және әйелдердің құқықтарын құрметтеуді күшейтуге тартылуда. Елде денсаулық, отбасы құндылықтары және жауапты ата-ана болу салаларындағы кешенді білім беру дамып келеді.

Қазақстан UNFPA, UN Women, ЕО және Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуде зор әлеует көретіні ерекше атап өтілді. Бұл – демографиялық өзгерістерді алдын ала ескеретін саясат қалыптастыруға мүмкіндік беретін деректер мен талдамалық базасына инвестициялар үшін; инновациялар мен тұрақты дамудың қозғаушы күші ретінде әйелдер мен жастардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту үшін; өмірдің әр кезеңінде қадір-қасиет пен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мақсатында белсенді ұзақ өмір сүруді ілгерілету үшін; сондай-ақ зерттеушілер, мемлекеттік қызметшілер және қауымдастықтар арасындағы байланыстарды нығайту үшін маңызды бағыт болып табылады.

Анықтама: UNFPA ақпаратына сәйкес, Орталық АзияЕуропа мен Азияны байланыстыратын стратегиялық өңір, шамамен 84 млн. адамнан тұратын (2025 ж.) халқы 2040 жылға қарай 100 млн.-нан асуы мүмкін. Өңірдегі демографиялық өзгерістер экономикалық өсудің, әлеуметтік қорғаудың, жұмыспен қамтудың, денсаулық сақтау мен білім берудің траекториясын айқындап, сондай-ақ гендерлік теңдік пен адам құқықтарына әсер етеді.

Өңір бір мезгілде демографиялық өтпелі кезеңді бастан өткеруде және демографиялық дивидендті іске асыру мүмкіндігімен бетпе-бет келуде – 2050 жылға қарай еңбекке қабілетті азаматтардың саны шамамен 20 млн. адамға артады деп күтілуде. Осы мүмкіндікті табысты жүзеге асыру адами капиталға, гендерлік теңдікке, инклюзивті экономикалық стратегияларға және әлеуметтік қорғауға инвестицияларды талап етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1107759?lang=kk